Қазақстанда декреттік демалысқа қанша төленеді?
Қазақстанда декреттік демалысқа қанша төленеді?
8 жыл бұрын 6257 egov.kz

Жүкті әйелдердің жұмыс істеу шарты мен аналардың құқығы осы жылдан бастап тағы өзгерді деуге болады. Қазақстан Республикасының жаңа Еңбек Кодексі 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Ал жаңа кодекске сәйкес, 2016 жылғы декреттік демалыс құны өзгерді ме? 

Еңбек Кодексінің 99 бабына сәйкес, жүкті әйелдерге, бала босанған әйелдерге, жаңа туған баланы асырап алған әйелдерге (еркектерге) баланың туылуына байланысты мынадай демалыстар беріледі:

1) жүктілікке және босануға байланысты демалыс;

2) жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған жұмыскерлерге демалыс;

3) бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс.

Сондай-ақ, осы баптың 2-тармағына сәйкес, жүкті әйелдерге жүктілікке байланысты 70 күн, босануына байланысты 56 күн демалыс беріледі. Демалыс күндерінің саны жұмыс ұзақтығына байланысты емес, сол себепті жұмыс берушіге жұмысшының қанша уақыт жұмыс істегені маңызды емес.

Бұдан бөлек декреттегі әйел бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты үйде отыратын болса, жұмыскердің жұмыс орны (лауазымы) сақталады. Алайда, жалақы сақталмайды.

Бала күтімі бойынша  демалыс уақытында жұмыстан айрылып қаламын деп уайымдамауға болады. ҚР Еңбек Кодексінің 59-бабына сәйкес,  жұмыс беруші жұмысшы әйелді жүктілік және босану бойынша демалысқа байланысты жұмыстан шығара алмайды. Бұдан басқа 104-бапқа сәйкес, бала күтіміне байланысты демалыста болған уақыт еңбек өтілі ретінде есептеледі және кезекті төленетін демалыс ретінде есептеуге мүмкіндік береді.

Жәрдемақылар мен төлемдер қалай есептеледі?

1) Бала босанғанда бір рет төленетін мемлекеттік жәрдемақы ( барлық босанған әйелдерге төленеді: жұмыс істейтіндерге де, жұмыс істемейтіндерге де, мемлекеттік бюджеттен төленеді.

Бала туғандағы жәрдемақы мөлшері бекітілген, бірінші, екінші және үшінші балаға   —  30 АЕК (2016 жылғы АЕК көлемі — 2121 теңге) немесе 63,6 мың теңге және төртінші, бесінші, алтыншы балаларға 50 АЕК немесе 106 мың теңгені құрайды.

2) Бала бір жасқа толғанға дейін күтімі бойынша әлеуметтік жәрдемақы (жұмыс істемейтін әйелдер үшін) баланың күтімін жүзеге асыратын әйелдер мен ерлерге және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылмайтын тұлғаларға тағайындалады;

Жұмыс істемейтін әйелдер үшін бала бір жасқа толғанға дейін төленетін әлеуметтік жәрдемақы мөлшері мыналарды құрайды:

бірінші балаға  – 5,5 АЕК;

екінші балаға – 6,5 АЕК;

үшінші балаға – 7,5 АЕК;

төртінші және одан да артық – 8,5 АЕК.

3) Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша әлеуметтік төлем жұмыс істейтін әйелдерге, Қордан әлеуметтік төлемдерді алу құқығы бар әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушыларына 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап тағайындалады (яғни жұмыс беруші әлеуметтік аударымдарды төлейді).

Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша әлеуметтік төлем мөлшерін есептеу үшін соңғы 2 жылдың табысын (ол әлеуметтік аударымдармен расталады) 24 айға бөліп, 0,4 ке көбейту және 10% зейнетақы жарналарын шегеру қажет.

4) Баланың бір жасқа дейінгі күтімі бойынша әлеуметтік төлем: мысалы, бала босанғанға дейін әйел 2 жыл жұмыс істейді, бір жыл ішінде оның еңбекақысы бір рет көтерілді. Бірінші жылы әйел 100 000 теңге алса, екінші жылы 150 000 теңге алған. Бұл жерде қолайлылық үшін аталмыш сома барлық қажетті аударымдарды шегерумен алынған ретінде санайық (зейнетақы жарналары, табыс салығы және т.б.). Жалпы жиынтық табысты санаймыз:

12*100 000+12*150 000=1 200 000+1 800 000= 3 000 000 теңге

Алынған соманы 24 айға бөлеміз: 3 000 000/24= 125 000 теңге

125 000 теңге – орташа айлық табыс мөлшері.

Баланың бір жасқа толғанға дейінгі күтімі бойынша жәрдемақы мөлшерін есептеу үшін осы көрсеткішті 0,4 коэффициентіне көбейтіп, 10 зейнетақы жарналарын шегеру керек: 125 000*0,4 — 10% = 45 000 теңге. Яғни бала босанған әйел ай сайын 45 мың теңге алады. 

0 пікір
Мұрағат