Қазақстанда дәстүрлі банктерге исламдық қаржы өнімдерін ұсынуға рұқсат берілуі мүмкін
Қазақстанда дәстүрлі банктерге исламдық қаржы өнімдерін ұсынуға рұқсат берілуі мүмкін
14 күн бұрын 376 24.kz

Қазақстанда банк лицензиясының жаңа түрі – «базалық» лицензия пайда болады, деп хабарлайды 24kz.

Бұл бастама нарыққа жаңа банктердің кіруін жеңілдетіп, бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік береді. Жаңашылдық «Банктер және банк қызметі туралы» заң жобасына енгізілген. Құжатты Президенттің тапсырмасымен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк әзірлеп жатыр.

«Қазіргі қолданыстағы заңнама ескірген. 30 жыл бұрын қабылданған құжат қазіргі қаржы секторының талаптарына толық сай емес», - дейді мамандар.

«Базалық» лицензияның «әмбебап» лицензиядан айырмашылығы – кейбір операцияларды жүргізуге болмайды, қызмет ауқымына шектеулер қойылады, ал өзара байланысы бар тараптарды несиелеуге тыйым салынады.

Заң жобасында жеті негізгі бағыт қамтылған. Атап айтқанда, төлем қабілеті жоқ банктерді реттеу, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, исламдық банкингті дамыту қарастырылуда. Мәселен, дәстүрлі банктер бизнес-моделін өзгертпей-ақ исламдық қаржы қызметтерін ұсына алады. Заң жобасы 1 маусымға дейін Үкіметке жіберіледі. Ал қыркүйек айында Парламентте талқыланбақ.

Олжас Қизатов, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары: - Біз көріп отырмыз. Исламдық банктің жалпы потенциалы үлкен. Сол үшін біз әмбебап банктерге сол исламдық операцияны жасауға мүмкіншілік беру арқылы біз ойлаймыз, сол исламдық операцияның нарығын дамытуға оңды ықпал етеміз. Маңызды заң жобасының бағыты – тұрақсыз банктерге сол реттеу, жаңа реттеу механизмін енгізу.

 

0 пікір
Мұрағат