Еліміздегі жұмыссыз азаматтар лот арқылы еңбекпен қамтылады. Бұл жөнінде Astana Hub аумағында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің цифрландыру күнінде аталған ведомствоның вице-министрі Нариман Мұқышев мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Қазақстанда азаматтар лот арқылы жұмысқа орналастырылады
|
«Біз саланы цифрландыру мәселесінде ІТ компаниялармен тығыз жұмыс жасаймыз. Себебі, біз автоматтандыру-цирфландыру енгізгіміз келетін тұстарда ІТ-нарықтағылардың өз ұсыныстары болуы мүмкін. Олар нақты шешімдерді орындай алуы мүмкін. Мұның қарапайым мысалы ретінде электронды еңбек биржасын атауға болады. Яғни, Қазақстанда жұмыс іздеген азаматтар жұмыспен қамту орталығына келеді. Ал біз бос орындар жайлы ақпараттың бірыңғай форматта сайттан алу үшін оның барлығын орталықтандырып, онлайн іске қосамыз. Бүкіл Қазақстан бойынша жиналатын осы мәліметтерді біз қазір жұмысқа орналастырумен айналысатын компаниялармен бөлісуге дайынбыз», - деді вице-министр.
Ведомство ақпараты бойынша, бүгінгі кұні ЭЕБ қызметін 58 мың жұмыс беруші мен 22 мың жұмыс іздеушілер пайдаланған. Сондай-ақ, ЭЕБ арқылы 203 мың азамат жұмысқа орналастырылып, оның базасында 36 мың бос орын мен 91 мың түйіндеме жарияланған.
«Электронды еңбек биржасы қазір жұмыс істеп жатыр. Алайда, оның аясында бірқатар жаңа бағыттар ашып жатырмыз. Соның мысалы ретінде «сағаттар аутсорсингі» жобасын атауға болады. Біз жұмысқа орналастыру тетігі бойынша лот арқылы нарыққа шығарамыз. Яғни, «Егер мына азаматтарды жұмысқа орналастыратын болсаңыз, біз сізге ақша төлейміз» дейтін боламыз», - деді Мұқышев.
Оның айтуынша, аталған жоба шамамен осы жылдың қазан айында іске қосылатын болады.
«Яғни, enbek.kz сайтында біліктілік дәрежесі көрсетілген азаматтарды жұмысқа орналастыруға арналған белгілі бір лот орналастырылады. Сондай-ақ, ол азаматтар тұрақты жұмысқа орналастырылған жағдайда мемлекет төлейтін қаражат көлемі де көрсетіледі. Олардың тұрақты жұмысқа орналастырылуы маңызды. Бір-екі ай жұмыс істеп, одан соң жұмыстан босатылуы жарамсыз. Бұл жоба жыл соңында, шамамен қазан айында іске қосылады», - деді министрдің орынбасары.
Сонымен қатар, ҚР ЕХӘҚ министрлігі берген ақпаратқа сәйкес, қазіргі уақытта 45 жекеменшік жұмыспен қамту агенттігі электронды еңбек биржасын қолданып отыр. 2018 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында олар 8 182 бос орынды жариялаған.