Қазақстанда анестезиологтар, лаборанттар мен гинекологтар тапшы
|
Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы денсаулық сақтау жүйесінің мамандарға деген қажеттіліктеріне талдау жасап көрді.
Оның нәтижесі көрсетіп отырғанындай, салада бірқатар дәрігерлер мен медбикелер тапшылығы бар.
«Мамандықтар бойынша бөлетін болсақ, анестезиолог-реаниматологтар, лаборанттар, сәулелі диагностика дәрігерлері, акушер-гинекологтар, психиатриялық бағыттағы мамандар жетіспейді. Орта буынды қызметкерлер арасынан медбикелер, емханалық лаборанттар аз», - делінген орталықтың баспасөз хабарламасында.
«Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында кадрлық мәселелерді шешу үшін Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы жанынан денсаулық сақтау саласының кадрлық қор обсерваториясы құрылды.
Қазіргі уақытта медициналық қызметкерлердің саны 244 мың адамды құрайды, олардың 74 мыңнан астамы - дәрігерлер, 170 мыңы - орта буынды медицина қызметкерлері. Өткен жылмен салыстырғанда, дәрігерлермен қамту деңгейі 10 мың адамға шаққанда 6,6 процентке артты және 42,2-ні құрап отыр.
Айта кетейік, бұның алдында хабарланғанындай, ҚР Премьер-Министрдің тапсырмасымен биыл қыркүйектен бастап, медициналық жоғары оқу орындарында педиатрия факультеттері ашылады.