Қазақстанда аллергия кең таралған
|
Аллергия - қазіргі қоғамда кеңінен таралған имммунитеттің ауруы. Жыл сайын оған шалдыққан адамдар саны елімізде көбейіп бара жатыр. Оның кең таралуына экология, тамақтанудың бұзылуы, урбанизация (қалалық өмір салты), қоғамдағы күйзелістік жағдайлар себепші болып отыр.
Қазір аллергияның белгілерін кез келген медициналық мекеме анықтап бере алады деп айту қиын. Анықтағанның өзінде әр түрлі дәрі-дәрмекпен оның зардабын уақытша шегеруге тырысады. Ал, қалған ақпараттар көпшіліктің құлағына жете бермейді.
Ендеше осы сырқаттан емделудің, толық сауығып кетудің жолдары бар ма, озық емдеу әдістері қандай, деген мәселе бойынша елордалық аллерголог Айнұр Аманбаевамен тілдескен едік.
Ең басты сұрақ - аллергияның алдын алу үшін не жасалуы керек? Дәрігердің айтуына қарағанда, ата-ана жауапкершілігі баланы осы сырқаттан сақтау. Сондықтан, ең алдымен әйел адам жүктілік кезінде құрамында аллергені бар тамақтарды көп жемеу керек. Өйткені, бұл жатырдағы балаға әсер етеді. Бұл жаңадан дамып келе жатқан балада аллергендер қалыптасатын өте жауапты кезең.
Аллергенді тамақтар қатарына цитрус жемістері (мандарин, апельсин, лимон т. б.), жұмыртқа, сиырдың сүті, жаңғақ (арахис, кешью секілді дәнектер, шекілдеуік), какао, шоколад, балық өнімдері, қызыл-қызғылт жемістер-жидектер (құлпынай, жер жидек) жатады. Бұл - тамақ аллергиясы.
Бұдан басқа эпидермальды (үй тозаңы кенесіне, құстардың мамығына, хайуанаттың тері тозаңына, ит-мысықтың жүніне), өсімдік тозаңына, ағашқа, жусанға, өсімдікке аллергия көп таралған.
«Аллергияны анықтаудың қарапайым жолдары төмендегідей. Егер өзіңізде не балаңызда аллергияның белгілері барлығы байқалса мынадай шаралар жасау керек. Алдымен жалпы қан, үлкен дәрет, зәр талдауын жасау керек. Ондағы аллергияға қатысты өзгерістерді терапевт түсіндіріп бере алады. Талдауда симптомдардың белгілері нақтыланса, тереңірек талдау жасау, кеңірек консультация алу үшін аллерголог маманға қаралған жөн», дейді елордалық аллерголог Айнұр Аманбаева.
Бұдан басқа айрықша тереңірек зерттеулер жүргізіледі. Яғни, ИФА (иммунды-ферменттік талдау) әдісімен тамақтық, тозаңдық-эпидермальдық, шөптік аллергияны анықтауға болады. Бұл - қымбатқа түсетін қан талдауы. Оны кез-келген медициналық мекемелерде жасай алмайды. Ол ақылы медициналық орталықтарда жасалады. Осы аллергиялардың белгілі бір түрлерін жоғары ықтималдықпен анықтау үшін пациентке тері-скарификациялық сынама жасалады (терінің үстіңгі қабаты жұқа тілініп аллергеннің сынама тамшысы тамызылады, егер осы аллергенге аллергия организмде болса иммунитет реакция беріп, сол жер қызарып-бөртіп шыға келеді). Бұл - аллергияның түрлерін анықтау жолдарының соңғы медициналық озық әдістемесі.
Осылардың нәтижелеріне қарай отырып аллерголог спецификалық-иммундық терапия тағайындайды. Айталық, тек жусанға аллергия болса, пациент күн сайын ұзақ уақыт ең төменгі аллергендік жүктемеден бастап көбейте отырып ағзаға қабылдайды, ағза біртіндеп сол жусанға аллергиядан арылып, иммунитет қалыптастырады. Бұл емдеу кезеңі тек қыс мезгілінде ғана жүргізіледі. 3-5 жыл үзбей жүргізсе ғана нәтиже береді. Нәтиже науқастың ауруының қаншалықты ұзаққа созылғандығына байланысты болады. 5-10 жылдан асқан ауруда нәтиже төмен болып шығады. Тіпті, еш әсер етпеуі де мүмкін.
Бұл - диагностикалық және терапиялық әдістің бір түрі. Соңғы жылдары қосымша зерттеу әдісі пайда болды. Зертханаларда қан талдауынан фадиотоп және эозинофильді катионды ағуызды анықтау тәсілі.
Жоғарыда айтып өткендеріміз спецификалық иммундық терапия екендігін естеріңізге саламыз. Аллергияны емдеудің басты тәсілдерінің бірі -элеманициялау терапиясы (аллергенді затты анықтау, онымен қарым-қатынасты болдырмау). Гипоаллергенді диета, гипоаллергенді тұрмыс салты (мысалы, мысықтың жүніне аллергия болса үйде мысық ұстамау секілді). Соңғысы дәрі-дәрмектік терапия болып есептеледі. Яғни, сырқаттың ауруын басу үшін түрлі химиялық дәрілер пайдаланылады.
«Аллергия созылмалы ауруларда пайда болатынын білген жөн. Сондықтан инфекциялық аурулардың созылмалы түрге айналып кетпеуінен сақтану керек. Бұлардың қатарында бронхит, пневмония, бүйрек аурулары, цистит, пилонефрит, ас қорыту жүйелерінің аурулары (холецестит, гастрит) бар. Бұл ауруларды асқындырмау қажет, онда иммунитет төмендейді. Соның салдарынан бронхиальды астма, аллергиялық дерматит, экзема секілді аллергиялық аурулар өршиді», - дейді аллерголог маман.