Қазақстанда әлеуметтік желілер жайлы заң қабылдау ұсынылды
|
Заңгерлер әлеуметтік желілер жайлы арнайы заң қабылдауды ұсынды, - деп хабарлайды "31 арна". Олардың пікірінше, әлеуметтік желілердің қазіргі уақытта танымалдығы соншалықты, ол заңнамалық реттеуді қажет етеді. Бастамаға қарсы шыққандар болса мұндай құжатты қабылдағаннан кейін Қазақстанның авторитарлық елдердің жолына түсуі мүмкін екенін, ал онда виртуалдық кеңістіктегі әрбір әрекет қатаң бақылауға алынатынын айтып отыр.
Адвокат Жангелді Сүлейманов азаматтардың әлеуметтік желілердегі қарым-қатынасында тәртіп орнату керектігін ұсынады. "Қазіргі уақытта Интернетте тәртіпсіздік белең алды, келісесіздер ме? Мына жағдайда ойлап көріңіздер, ал егер адам өмірде де солай сөйлесетін болса ше? Онда қорлау, қорқыту, өлімге дейін, қарғап-сілеу. Онда тіпті қылмыс жасауға дейін баратын мәселелер қозғалады", - деп есептейді ол.
Өз кезегінде бастамаға наразылық білдіргендер заңнамада барлық қажетті құралдардың бар екенін айтады. "Әрбір интернет-ресурс, әрбір сайт - бұқаралық ақпарат құралы. Әрбір жарияланым газетте жариялаған мақала немесе телеарнадан көрсетілген сюжет секілді. Сондықтар әлеуметтік желілерге бағытталған бөлек заңнаманы кеңейтудің қажеті жоқ. Қазіргі уақытта бар заңнамаға қосып, түп-тұқиянына дейін толықтырса жеткілікті", - дейді Қазақстан интернет-ассоциациясының атқарушы директоры Асхат Нұрпейісов. Әлеуметтік желілерді реттейтін заңды қабылдау жайлы мәселеге пікір білдірген ассоциация өкілдері қазақстандық арнайы қызметтің Интернетте жасалатын белгілі бір қылмыстың алдын ала алатынын атап өтті.