Қазақстанда 10 безбүйрек әйел өз баласын қатыгездікпен өлтірген (видео)
|
Аналар қазір шараналарын қоқыс жәшігіне де, дәретханаға да тастап кетіп жатыр. Бұл – жалаң сөз емес, еліміздегі прокурорлардың дәйегі. Олар жыл басталғалы бері 10 безбүйрек әйел өз баласын қатыгездікпен жаншып өлтіргенін айтып, дабыл қағуда. Ал, 32-сі босана салып, нәрестесін далаға тастап кеткен. Бұл мәселе қазір қоғамның бас ауруына айналды. Соңғы кездері баласынан безінген безбүйрек аналардың көбеюі халықты шошытып отыр. Жамбыл облысындағы қатыгездікті ел естен кетіре алмай жүргенде, Қарағанды өңірінде де аузына қағаз толтырылған сәби қоқыс жәшігінен табылды. Тізе берсе, жыл басынан мұндай оқиғалар жетіп артылады. Психологтар мұны қыздардың жауапсыздығынан көреді. Марал Сарбасқызы, психолог: - Бірнеше себеп бар. Біріншіден, ол – отбасым, туған-туыстар, қоғам түсінбейді деген қорқыныш. Орташа статистиканы алатын болсақ, ең жасы 18 жаста. Олар психологиялық, моральдық тұрғыдан дайын болмайды. Қорқыныш адамды итермелеген кезде адам өз іс-әрекетін толық сарапқа, таразыға салып, кей кезде өлшей алмайтын кездер болады. Осындай сезімде болатын жүкті қыздарға еліміздегі ана үйлері қол ұшын созуға дайын. Мәселен, қоғамдық қор 3 жыл ішінде 1,5 мыңнан астам жас қызға баласын тастамауға кеңес беріп, оларды уақытша баспанамен қамтамасыз етіпті. Алайда, мұндай көмекке көнбегендер немесе білмейтіндер ең қатыгез қадамға барып жатыр. Бұл сорақылықты азайту үшін медициналық мекемелердің жанынан бала салатын арнайы қораптар қою ұсынысы жиі талқылануда. Бірақ, бұған қатысты қоғам пікірі қақ жарылды. Ресей елінде бэби-бокстар 2011 жылы қолданысқа енгізілді. Қазір мұнда 20 шақты осындай контейнер бар. Бұл қораптардың арқасында 30-дан астам баланың өмірі сақталыпты. Ал 5 ана ақылға келіп, баласын қайтарып алған. Татьяна Мельник №3 Люберецк аудандық ауруханасының бас дәрігері: - Біз ХХІ ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Балалардың далада қалуына жол беруге болмайды. Сол себепті, бэби-бокс қоюды шештік. Гүлнәр Абдулманова, ҚР ДСӘДМ медициналық жәрдемді ұйымдастыру департаментінің бас сарапшысы: - Алдымен халықаралық тәжірибені зерттеуіміз керек. Түрлі үкіметтік емес ұйымдармен кездеспекшіміз. Білім және ғылым министрлігі мен Ішкі істер министрлігіне хат жолдадық. Осы ведомстволардың бэби-бокс орнату бойынша ұсыныстарын күтеміз. Ресми статистикаға сүйенсек, бірнеше жылға бас бостандығынан айыру сынды жаза да безбүйрек әйелдерді тоқтатар емес. Мұндай көрсеткіш қоғамның алаңдаушылығын туғызуда. Бауыр еті баласынан қалай бас тартуға болатындығын көпшілік түсінер емес.