Қазақстан Ұлттық банкі криптовалютаға өз үкімін шығарды
Қазақстан Ұлттық банкі криптовалютаға өз үкімін шығарды
7 жыл бұрын 3006

Қазақстанның аумағында теңге жалғыз төлем құралы болып табылады. Осыған орай криптовалюталар ел аумағында төлем құралы ретінде пайдаланылмайды. Бұл туралы ҚазАқпарат Банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Қаржы ұйымдарына сондай-ақ заңнамада тікелей көзделмеген операцияларды жүргізуге тыйым салынады. Осылайша, тікелей реттеуге қарамастан, бүгінгі күні қаржы секторында меншікті немесе клиенттік операциялар бойынша, сондай-ақ, есеп айырысу бірлігі ретінде криптовалюталарды пайдалану заңнамаға қайшы келеді», - деп түсініктеме берді Ұлттық банктің төлем жүйелері департаменті басқармасының бастығы Алина Иманғазина.

А. Иманғазина халықтың криптовалюталарға деген сұранысы тез әрі жоғары кіріс алу мақсатында инвестицияларға арналған нысана ретінде байқалатынын атап өтті. Ол бұл ретте криптовалюталардың ешқандай құндылығы, құны жоқ екендігін түсіну қажет жеткізді. Баға алыпсатарлық күтулермен өрши түсетін сұраныспен ғана қамтамасыз етіледі. Тек соңғы екі айда ең белгілі криптовалюта - биткоиннің бағасы 2,5 есе құлдырады. Бұл нарықтағы кейінгі іс-қимылды болжау мүмкін емес. Бұл халық салған қаражатты жоғалтудың жоғары тәуекелдеріне апарады.

«Бұдан басқа, криптовалюталардың танымалдығы аясында қаржылық пирамидалар белгілері бар түрлі алаяқтық схемалары туындайды. Сонымен бірге криптовалюталар арқылы жаңа жобаларға қаражат тарту (ICO) белсенді түрде жарнамалануда.  ICO инвестициялау қағидаттары IPO-ға ұқсас екендігіне қарамастан, бұл жағдайда ешкім эмитенттерді тексермейді және инвесторлардың құқықтарын қорғауға кепілдік бермейді. Криптовалюталармен барлық операцияларды халық пен заңды тұлғалар тәуекелге бел буып жасайды», - деді банк өкілі.

Криптовалюталармен жасалатын операциялармен қатар жүретін теріс салдарды азайту үшін Ұлттық Банктің сарапшылары криптовалюталық қаржылық пирамидалардың пайда болуын болдырмау, халықтың цифрлық және қаржылық сауаттылығын арттыру, осы саладағы заңнаманы қатаңдату жөніндегі жұмыстарды күшейту қажет деп санайды.

0 пікір
Мұрағат