Қазақстан – тапқан табысы тамаққа кететін кедей елдер қатарына енді
Қазақстан – тапқан табысы тамаққа кететін кедей елдер қатарына енді
3 жыл бұрын 2023

Халықаралық қаржы институттарының есептеуі бойынша айлығының 10-20% қаржысын тамаққа жұмсайтын елдер «дамыған елдер» категориясына кіреді. Алайда,  Қазақстан бұл категорияға жатпайды, деп жазды Аbai.kz.

Бейресми тұрғыдан халық тапқан қаржысының тең жартысын, кей жағдайда, тіпті, тұтастай тамақ алуға жұмсайды. Азық-түлік бағасының еселеп артуы ол көрсеткішті арттыруда.

2021 жылдың алғашқы жарты жылдығы да аяқталды. Орта есеппен әрбір қазақстандық ай сайын 96,7 мың теңгені азық-түлік алуға жұмсайтын болып шықты. Бұл өткен жылғы осы уақыттағы көрсеткішпен салыстырғанда 4,6%-ға артық.  Бұл бойынша finprom.kz арнайы зерттеу жұмысын жасапты.

Аймақтық көрсеткіштер бойынша ай сайын тамаққа қаржы жұмсаудан көш бастайтын қала – Алматы болып тұр. Орта есеппен әр алматылық 127,2 мың теңгені азық-түлік алу үшін жұмсайды. Бұдан бөлек, Павлодар облысының тұрғындары 117,1 мың теңге, яғни бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 18,1% артық және ШҚО тұрғындары 116,5 мың теңге, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 5,3% көп қаржы жұмсайтын болған. Пайыздық көрсеткіштің артуын тамақ бағасының қымбаттауы және айлықтың өспеуімен түсіндіруге болады.

Тапқан табысының ең аз бөлігін тамаққа жұмсайтын аймақ – Шымкент болып шықты. Әр шымкенттік ай сайын орта есеппен 72,1 мың теңгені тамаққа құртады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11,2%-ға артық.

Тамақ бағасының қымбаттауы мен халықтың азық-түлікке жұмсайтын қаржысы ұлғайған аймақ – Жамбыл облысы болып отыр. Ал азық-түлікке ай сайын жұмсайтын қаржы көрсеткіші артпаған үш қана аймақ бар. Олар Алматы қаласы, Солтүстік Қазақстан облысы және Ақмола облысы. Өзге аймақтарда пайыздық көрсеткіш артқан.

Халықтың бір жыл ішінде азық-түлік пен алкогольсіз сусындарға жұмсайтын қаржысы 5,5%-ға артқан. Ал темекі және ішімдікке жұмсайтын шығындары керісінше азайған. Бұны елдегі әлеуметтік жағдайдың нашарлауымен түсіндіруге болады. Халық қаржысын негізгі азық-түлік көздеріне жұмсауға көшкен.

Қазақстандықтар тамаққа жұмсайтын қаржысының үштен бір бөлігін етке және ет өнімдеріне құртады екен. Орта есеппен ай сайын 31,2 мың теңге. Нан өнімдеріне қазақстандықтар ай сайын 14,3 мың қаржысын жұмсайтын болған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,4%-ға артық. Сүт және сүт өнімдеріне 9,6 мың теңге кетеді.

Бір жыл ішінде қазақстандықтардың жұмыртқаға жұмсайтын қаржысы 37,1%-ға артқан. Ал қант, кондитерлік өнімдер мен тәттілерге жұмсайтын шығындар керісінше азайған. Бұл да экономикалық көрсеткіштің айқын көрінісі.

Қазақстанда азық-түлік өнімдерінің бағасы күн сайын артуда. Үкімет бағаны тұрақтандыру бойынша бірнеше басқосу ұйымдастырып, 50 млрд теңге бөлетінін мәлімдеді. Алайда, бұл нарықтағы бағаға айтарлықтай өзгеріс жасаған жоқ. Бір ай ішінде картоп, сәбіз тапшылығы байқалып, бағасы үш есеге өсті. Жанармай бағасының да шарықтауы халық қалтасына соққы жасауда.

Еліміздің батыс аймағында шөп тапшылығы болып, мал қырылуда. Ал солтүстік пен шығыста егіннің шығуы былтырғымен салыстырғанда әлдеқайда аз. Сондықтан биыл да ет пен нан өнімдерінің бағасы артады деп болжауға толық негіз бар. Қазақстан біртіндеп тапқан табысын тамаққа жұмсайтын елге айналды.

0 пікір
Мұрағат