Қазақстан шетелдік жұмыс күшіне қолайлы жағдай жасау міндеттемесін алмайды – заң жобасы
Қазақстан шетелдік жұмыс күшіне қолайлы жағдай жасау міндеттемесін алмайды – заң жобасы
8 жыл бұрын 2602 inform.kz Марлан Жиембай

ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Ислам конференциясы ұйымына мүше елдер арасындағы экономикалық, техникалық және сауда ынтымақтастығы туралы бас келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы қабылданды. Аталмыш заң жобасы  бойынша негізгі баяндама жасаған еліміздің Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, Қазақстан Республикасы бас келісімге 2 ескертпемен және 1 мәлімдемемен қол қойды. «Бірінші ескертпе 6-бапқа жасалған. Бұл бап ұйымға мүше елдерден шетелдік жұмыс күшін тарту кезінде жеңілдіктер  беруді көздейді. Ескертпеге сәйкес, Қазақстан шетелдік жұмыс күшін тарту кезінде қандай да бір елге қолайлы жағдайлар жасау бойынша өзіне міндеттемелер алмайды. Барлық мемлекеттердің, оның ішінде, ұйым азаматтары, Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына сәйкес тартылатын болады. Қазақстанның Орталық Азия және Ауғанстанмен аумақтық жақын орналасуы мен тығыз экономикалық байланыстары жағдайында бұл мәселе аса өзекті болып табылады», - деді министр.

Оның айтуынша, екінші ескертпе 8-бапқа жасалған. Бұл бап Ұйым мемлекеттеріне жеңілдетілген сауда режімін ұсынуды көздейді. «Қазақстан Республикасы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше екені белгілі. Еуразиялық экономикалық одақта үшінші елдерге қатысты бірыңғай сыртқы сауда саясаты жүргізіледі. Одақ аясында қазіргі уақытта Израиль, Иран, Үндістан, Мысыр, Сингапурмен еркін сауда туралы келісімдер жасасу жөнінде белсенді жұмыс жүргізілуде. 2016 жылы Вьетнаммен еркін сауда туралы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі бірінші шарт күшіне енді. Сондай-ақ, Қазақстан Тәуелсіз мемлекеттер достастығының 8 мемлекетімен қатар бажсыз сауда режімін көздейтін Еркін сауда аймағы туралы шарттың қатысушысы болып табылады. Осылайша, Қазақстанның экономикалық мүдделерін қорғау мақсатында аталған нормаға ескертпе қабылданды», - деді ол.

Сонымен қатар Сүлейменовтің айтуынша, Қазақстан Республикасының Үкіметі Бас келісімнің Қазақстан Конституциясының нормаларына қайшы келмейтін ережелерін орындайтынын мәлімдеген. «Бұл Бас келісімнің мәтінінде «Ислам мемлекеті» деген терминнің пайдаланылуына байланысты, себебі Конституцияның 1-бабына сәйкес Қазақстан өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады», - деді министр.     

0 пікір
Мұрағат