Қазақстан Қытайдан алған қарызды төлемеген не кешіктірген жағдайда күніне 46 млн теңге төлейді
|
Бүгін сенаторлар Қытайдың Қазақстанға 2, 062 юань (113 млрд теңге) көлемінде несие беруі қаралған заң жобасын мақұлдады. Құжат мемлекет басшысына жіберілді. Белгілі болғандай, қарыз төленбеген не кешіктірілген жағдайда Қазақстан күн сайын 46 миллион теңге төлеуі тиіс болады, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.
Сенаттың пленарлық отырысында депутат Динара Нөкетаева премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтан несие төленбеген және кешіктірілген жағдайларда елімізге жүктелетін жауапкершілік туралы сұрады.
Өз жауабында Смайылов мұндай жағдайда мемлекет стандартты жауапкершілікке тартылатынын айтты.
"Төлем төленбесе, күніне екі пайыздық өсімпұл жүктеледі. Бастапқы 5 жыл көлемінде тек пайызын төлейтін боламыз. Аталған пайызды есептегенде, бұл сома күніне 46 миллион теңгені құрайды. Несиені өтеу республикалық бюджетте қарастырылатындықтан, мұндай қауіп жоқ", - дейді қаржы министрі.