Қазақстан құлдық индексі бойынша көрсеткішін жақсартты
|
The Walk free foundation ұйымы келтірген мәліметке қарағанда, Қазақстан 2014 жылдың жаһандық құлдық индексі бойынша 167 елдің ішінде 95-ші орынға табан тіреген. Бұл жайында Tengrinews.kz ақпарат көзі хабар таратты. Өткен жылы осы ұйымның мәліметі бойынша бұл рейтингте еліміз 162 мемлекеттің арасынан 85-ші орыннан көрінген екен. Яғни, өткен жылы елімізде құлдықта жүрген адамдардың қарасы 49 мыңға жеткен. Аталмыш ұйымның есебі бойынша биыл еліміздің 61 200 адамы құлдықта жүрген көрінеді. Бұл көрсеткіш бүгінгі таңда 17037508 адамды құрап отырған халқымыздың 0,36 пайызын құрайды. Сондай-ақ, Қазақастан Республикасында құлдыққа тап болу қатері де ескерілген. Оның деңгейі 49 пайызға жеткен көрінеді. Ал әлем бойынша құлдықта жүргендердің қарасы 35,8 млн адамға жетеді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 29,8 млн адамды құраған. Биыл бұл рейтингте Мавритания елі көш бастап келеді. Халқының төрт пайызы құлдықта жүр. Содан кейінгі орынға Өзбекстан жайғасқан – халқының 3,9 пайызы құлдықта. Келесі орында Гаити мемлекеті – халқының 2,3 пайызы құлдықта.