Қазақстан Президенті 9 маусымды ұлттық аза тұту күні деп жариялады
|
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 9 маусымды ұлттық аза тұту күні деп жариялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
"Ақтөбе қаласында жасалған террористік актінің салдарынан әскери қызметшілер мен азаматтардың қаза болуына байланысты Қазақстан Республикасында 2016 жылғы 9 маусымда ұлттық аза тұту жариялансын", - делінген Қазақстан Республикасы Президентінің Өкімінде.
Еске салайық, биыл 5 маусымда Ақтөбеде теракт болған еді, оның салдарынан ондаған адам қаза тапты. Қазақстанда террорлық қауіптің сары деңгейі, ал Ақтөбеде қызыл деңгейі енгізілді. Шабуыл жасаған 13 адам өлтірілді, тағы төртеуі жараланды, енді алты адам іздеуде жүр.
Елімізде ұлттық аза тұту күні неден тыйылған жөн
Ақтөбедегі лаңкестік әрекет салдарынан әскери қызметкерлер мен бейбіт тұрғындардың қаза табуына байланысты елімізде 9 маусымда ұлттық аза тұту жарияланды.Тиісті Өкімге Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол қойды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
Жалпыұлттық аза тұту кезінде Мемлекеттік рәміздер туралы конституциялық заңға сәйкес барлық ғимараттардағы мемлекеттік ту төмен түсіріледі.
Халыққа бұл күні көңіл көтеруге заң жүзінде тыйым салынбаған, алайда билік өкілдері, қоғам қайраткерлері жұртты қаза тапқандардың рухына тағзым етіп, ойын-сауық орталықтарына бармауға кеңес береді.
«Жарнама туралы» Заңға сәйкес ұлттық аза тұту күнді электронды бұқаралық ақпарат құралдарында жарнамаға тыйым салынған. Сондай-ақ. көңіл көтеруге бағытталған теле және радиобағдарламалар тоқтатылады.