Қазақстан кәсіпкерлері әлемнің қанша еліне тауардың қанша түрін өткізуде?
Қазақстан кәсіпкерлері әлемнің қанша еліне тауардың қанша түрін өткізуде?
9 жыл бұрын 3371 qamshy.kz

Орталық коммуникациялар қызметінде 100 нақты қадам – Ұлттық жоспарының 56.2 қадам «3-4 экспорттық қазақстандық брендтерді жасау және өткізу» тақырыбына арналған баспасөз мәслихатын өтті. Оған Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Тимур Нұрашев, «Аналитикалық орталық» ЖШС бас директоры Қайрат Сәдуақасов пен «Kaznext invest» акционерлік қоғамының экспортты жылжыту департаментінің директоры Айсәуле Сұлтанмұратова қатысты. Брифингте аталған комитет төрағасының орынбасары отандық брендтті жасап, оны шетелге насихаттауда атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Оның айтуынша, қазіргі кезде еліміз 118 мемлекетке тауардың 970 түрін сатумен айналысып жатыр. Жылына шамамен 200 мыңнан аса отандық өнім шетелге сатылады. –Бүгінде елімізде шетелге отандық өнімдерді сатумен 1 800 экспорттаушы жұмыс істейді. Олар тұрақты түрде 1 млн АҚШ долларыннан аса пайда түсіріп отыр, – деді Тимур Нұрашев. Сонымен бірге ол ауыл шаруашылығы кешенінде еліміздің беткеұстар маркаларын жасау үшін «Qazaq Organic Food», «Халал», «Ет бренді» брендтерінің әзірленгенін айтты. «Бұл брендтер белгілі бір нарыққа бағытталған. Бұдан басқа біз еліміздің атын әлемге таныту үшін 10 компанияны арнайы таңдап алдық. Қазіргі кезде олардың өнімдеріне жақын және алыс шетелдер қызығушылық танытып жатыр. Мысалы, еліміздің ет өнімдеріне Қытай, Ресей, Таяу Шығыс пен Австралия сияқты елдердің сұранысына ие. Ал араб мемлекеттерін халал өнімдері қызықтырады. Әрине, араб елдеріне біз арнайы тексеруден өткен өнімдерді жеткіземіз», деді Тимур Нұрашев. Баспасөз мәслихатында «Аналитикалық орталық» ЖШС бас директоры Қайрат Сәдуақасов отандық брендтерді жасаудың маңыздылығы туралы айтып берді. Ол елімізде жеңіл және ауыр өнеркәсіпті дамыту үшін брендтер жасау керектігін, осының өзі әлемге қазақстандық өнімді насихаттауда және дамытуда маңызды рөл атқаратынын айтты. –Қазіргі таңда Қазақстан 50 ірі экспорттаушы елдер қатарына кіреді. Еліміз тәуелсіздік алған кезден бері шетелге уран, ұн, бидай, мұнай және басқа да өнімдерді сатумен айналысуда. Ал шикі мұнай мен ет өнімдері жақсы сатылып жатыр. Мысалы, бір Қытайдың өзі жыл сайын елімізден 800 000 тонна сиыр етін алса, еліміз шикі мұнайды сатумен айналысатын 10 мемлекеттің қатарына кіреді, – деді ол. Қорыта айтқанда, брифингке қатысушылар отандық брендті жасауда және оны қолдауда мемлекет тарапынан қолда бар мүмкіндіктің жасалатынын атап өтті.

0 пікір
Мұрағат