Қазақстан халал туризмді дамыту бойынша 113 мемлекетті артта қалдырды
|
Жыл сайын MasterCard қолдауымен CrescentRating компаниясы өткізетін халал туризмді дамыту бойынша Global Muslim Travel Index рейтингісінде Қазақстан 17-орынға ие болды.
Global Muslim Travel Index тізімінде жалпы 130 мемлекет бар. Рейтингте мемлекеттердің мұсылмандар үшін отбасылық демалыс жайлылығы, қауіпсіздік, қызмет пен сервистің сапасы, халал өнімдердің қолжетімділігі, туристерді жайғастыру және маркетингтік бағдарламалар салыстырылған болатын.
Қазақстан рейтингте Тайланд, Жапония, Франция, АҚШ, Қытай және Бельгия елдерін озып кетті.
ТМД елдері арасында біздің мемлекет бірінші орынға жайғасқан. Әзербайжан - 24-інші, Қырғызстан - 25, Тәжікстан - 26, Өзбекстан - 30, Ресей - 44, Грузия - 59-орындарға орналасса, Украина 116-орынға қойылып отыр.
Global Muslim Travel Index рейтингісінде үшінші жыл қатарынан Малайзия көш бастады. Ислам туризмінің үздік бес мемлекеті қатарына БАӘ, Индонезия, Түркия, Сауд Арабиясы енді.
Болжам бойынша, 2020 жылға қарай мұсылман туризмі нарығы 156 млн. саяхаттаушыға және 220 млрд. долларға жетеді.