Қазақстан ғалымдары хирургияда қолданылатын бактерияға қарсы «ақылды» жабын жасап шығарды
Қазақстан ғалымдары хирургияда қолданылатын бактерияға қарсы «ақылды» жабын жасап шығарды
5 ай бұрын 670 inform.kz Эльмира Оралбаева

KAZINFORM – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі химия және химиялық технология факультетінің ғалымдары ота кезінде пайдаланылатын хирургиялық жіпті жетілдіріп, бетіне антибактериалды жабын жасап шығарды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.

«Бүгінгі таңда медицина қызметкерлері операция жасағанда жараны хирургиялық жіптермен тігеді. Кей жағдайда жіптердің бетіне бактериялар орнығып, инфекция тудырады. Бұл қайтадан ота жасауға алып келеді. Қайта-қайта опеарция жасау адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін», – дейді «ChemMedLab» ғалымдары.

«Хирургиялық жіптердің адам организмі секілді қорғаныш механизмі жоқ. Яғни зиянды микроорганизмдерге оңтайлы орта болып табылады. Сондықтан олар тез жабысып, өніп, өсе береді. Біздің ғылыми топтың мақсаты – хирургиялық жіптердің бетіне антибактериалды жабын жасап, оны қолданысқа енгізу. Жіптердің бетіне мультиқабатты наноөлшемдегі жабындар орнатылады. Ал соңғы қабатқа антибактериалды агент енгізіледі. Антибактериалды агенттің қарапайым антибиотиктерден айырмашылығы – бактерияларға жедел қарсы әрекет етуінде», – дейді зертхананың ғылыми қызметкері Аяжан Сейдуллаева.

Қазіргі таңда университет ғалымдары ғылыми жоба бойынша патент алып, әлемдік журналдарға мақалалар жариялаған. Аталған инновациялық жобаға ота кезінде қолданылатын хирургиялық жіптерді шығаратын «RuMa Farm» компаниясы қызығушылық білдіріп, ғалымдармен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізген.

«Антибактериалды жіптердің аналогтары әлемдік нарықта бар. Дегенмен елімізде бұл жоба алғаш рет жүзеге асып отыр. Операция кезінде хирургтер жіптерді спиртке немесе хлоргексидин ерітіндісіне салып, жараны тігеді. Бірақ бұл тәсілдің кемшілігі бар. Яғни ұзақ уақыт шыдамай, адам өміріне зиян келтіруі мүмкін. Ал біз дайындаған жіптердің жабындары болады. Олар керек кезінде бактериямен күресіп отырады. Сондай-ақ антибактериалды агент бір ай бойы бактерияға қарсы күреседі», – дейді Аяжан Сейдуллаева.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары бұл жұмыстармен тоқтап қалмақ емес. Болашақта ғалымдар аталған жоба бойынша терең зерттеу жұмыстарын жүргізіп, нарыққа шығуды көздеп отыр.

Ученые КазНУ изобрели антибактериальное умное покрытие для хирургических  нитей - el.kz

0 пікір
Мұрағат