Қазақстан дәрігерлері COVID-19 емдеудің тиімді әдісін тапты
Қазақстан дәрігерлері COVID-19 емдеудің тиімді әдісін тапты
5 жыл бұрын 1956

Семейлік дәрігерлер COVID-19 індетін емдеудің тың тәсілдерін қолданып жатыр. Бұл туралы baq.kz порталы "Хабар 24" ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып хабарлады.

Қаладағы білікті ғалымдар мен тәжірибелі мамандардың бірігіп атқарған ұжымдық еңбегі хал үстінде жатқан бір науқастың бетін бері қаратуға жәрдемдесті. Қалған науқастарға да кешенді ем-шаралар тағайындалып, қазір олар өздерін жақсы сезінуде. 

Өкпе жұмысын жақсартып, ағзаларды қалпына келтіруге сурфактант препараты мен виброакустикалық массаждар тиімділігін көрсеткен. Қазір бұл әдіс-тәсілдерге шетелдік дәрігерлер де қызығушылық танытып отыр.  

Вирустың ең бірінші зақымдайтыны сол, альвеола. Оны негізінде вирус тудырады, альвеола жабысқан кезде өкпенің бәрі жабысып қалады. Сондықтан ИВЛ-дың не көмегі бар, ол альвеоланы ашып, оттегін жеткізу. Бұл сурфактантты балаларға жаңа туған, тыныс жетіспеушілігі бар, өкпесі жарымаған балаларға қолданады. Бірақ, үлкендерге қолданбаған. Соны мен ойладым, науқастың кім біледі беті бері қарай ма, қарамай ма, осыны қолданайық, деп жігіттерге айтып, дәрігер әріптестер қолдап, көрейік дедік. Негізі науқастың жағдайы ауыр болды,-дейді анестезиологтар тобының жетекшісі, штаб мүшесі Саят Таңатаров. 

Семей медицина университетінің ректоры Ерсін Жүнісовтің айтуынша, бұл нұсқаулық дүниежүзілік және жеке тәжірибеге негізделіп жасалған. Оқу орны басшылығы жедел штаб жұмысын жандандыру үшін барлық жағдайларды қарастырған. Цифрлық технологиялар көмегі де көп тиіп жатыр.  

Хал үстінде жатқан науқасқа кешенді ем қолданылды. Соның бірі – виброакустикалық массаж тәсілі. Бұл шараның адам денсаулығына еш зияны жоқ. Сондықтан қиналып жатқан аурудың бетін бері қаратуға септігін тигізді,-дейді өңірдің бас пульмонологы, штаб мүшесі Жанар Оразалина. 

Қазір семейлік ғалымдар бұл тың тәсілдерді арнайы жинақ ретінде жарыққа шығарып, интернет парақшалары арқылы таратуға күш салып жатыр. 

Әзірге бұл індетке қарсы вакцина немесе дәрі шығарылған жоқ. Сондықтан ең бастысы, оқшаулану мен карантиндік шараларды сақтау керек. Абырой болғанда, бізде аурулар көп тіркелген жоқ. Егер ережеге бағынып, сақтық шараларын сақтайтын болсақ, аман-есен бұл қиындықты да еңсереміз деп ойлаймын,-дейді инфекционистер тобының жетекшісі Имдат Эфендиев.
0 пікір
Мұрағат