Қазақстан азаматтығын алатын шетелдіктер қазақ тілін білуге міндетті болады
Қазақстан азаматтығын алатын шетелдіктер қазақ тілін білуге міндетті болады
11 ай бұрын 1285 inform.kz Руслан Ғаббасов

Мәжілістің жалпы отырысында  көші-қоны саласындағы заңнаманы жетілдіруге арналған заң қаралды. Оның аясында енді Қазақстан Республикасының азаматтығын алғысы келетін шетелдіктер қазақ тілін білуге міндетті болады. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасының Мәжілістегі мобильді студиясында депутат Жарқынбек Амантайұлы айтты.

«Енді Қазақстан азаматтығын алғысы келетін азаматтар өтініш беру үшін ең алдымен қазақ тілін білуі шарт. Кемінде ауызекі деңгейде меңгеруі керек. Екінші мәселе – Қазақстан Ата Заңының негіздерін білуі тиіс. Мұнымен қоса, Қазақстан тарихының өзегін, негізін білуі керек. Құжат аясында осындай талаптар еніп отыр, яғни әлемде бар тәжірибе. Жалпы, осы талап көптің көкейінде көптен айтылып жүрген мәселе», - деді Жарқынбек Амантайұлы.

Айта кетейік, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң екінші оқылымда қаралып қабылданды. 

Заң халықтың көші-қоны саласындағы қатынастарды құқықтық реттеуді жетілдіру мақсатында әзірленді және бірқатар нормаларды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес келтіруге бағытталған.

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мәліметіне қарағанда, экстремистік немесе террористік әрекетке қатысы бар шетелдіктердің елге кіруіне тыйым салу, төтенше жағдайларда қолданылу мерзімі өткен құжаттарды пайдалану мәселесін реттеу ескерілген. Түзетулерде төтенше жағдайлар кезінде мерзімі өтіп кеткен құжаттарды ұзарту немесе ауыстыру мүмкіндігі болмаған жағдайда пайдалану мәселесі нақтыланды. Мұндай құжаттар қолдану мерзіміне қарамастан жарамды деп танылады. Сонымен қатар аталған заң аясында педофилдерге Қазақстанға кіруге тыйым салынады.

0 пікір
Мұрағат