|
Қазақстан аумағында арабтар өздері өсірген жыртқыш құстарды жіберді
|
2025 жылдың мамыр айында Шейх Зайыт атындағы сұңқарлар тұқымын сақтау жөніндегі бағдарлама (Sheikh Zayed Falcon Release Program) өзінің құрылғанына 30 жыл толғанын атап өтіп, Қазақстанның тұмса табиғатына 81 құс жіберді. 1995 жылы аталмыш бағдарлама іске қосылған сәттен бастап табиғи тіршілік ортасына 2350-ден астам сұңқар, лашын, қаршыға мен ителгі жіберілді. Бұл жайында islam.kz порталы Gulf News ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Мұндағы мақсат экологиялық тепе-теңдікті сақтауда маңызды рөл ойнайтын жыртқыш құстар санын қалпына келтіруге, климат дағдарысынан құтқаруға саяды. Жыртқыш құстардың, соның ішінде, бүркіттен басқа ителгі, қаршыға, лашын, т.б. дені Қазақстанды, Ресейдің оңтүстік аумағын, Моңғолияны, Қытайдың солтүстік аймағын мекендейді. Өйткені, бұл аймақтар жыртқыш құстар жемтігін аулауға ыңғайлы жазық дала мен таулы-қыратты өлкелерден тұрады. Жыртқыш құстарды еркін далаға жібермес бұрын қатаң ветеринарлық тексеруден өтеді. Оларға сәйкестендіру сақинасы мен электронды чип тағылады. Бұған қоса, он құс спутниктік трекерлермен жабдықталған – олардың көші-қоң бағытына, таралу өлкесіне, т.б. монититоринг жүргізу үшін. Осылайша жинақталған мәліметтер құстар популяциясын сақтауға, көбейтуге, түрлі қатерден қорғауға көмекетеседі. Бұл бірегей жобаны БАЭ-нің қоршаған орта мен климат өзгерісі министрлігі, Мұхаммед бен Зайыт атындағы жыртқыш құстарды қорғау қоры, Әбу-Дабидегі сұңқарларды күтіп ұстау орталығы жүзеге асырып отыр. Бұл бастама Орта Азияның биологиялық әралуандылығын сақтауға немесе қалпына келтіруге ықпал етпек.