Қазақстан әскері әлемдік рейтингте 80-ші орынға табан тіреді
|
Қазақстан әскері 106 ел қамтылған әлемдік рейтингте 80-ші орынға табан тіреді. Бұл жайында Global Firepower ақпарат көзі хабар таратты. Рейтингті түзу барысында шамамен елу фактор ескерілген. Солардың ішінде әскер саны, құрлықта, суда және ауада ұрыс іс-қимылдарын жүргізетін әскери техника саны қаперге алынған. Сондай-ақ, әр елдің қорғаныс саласына қаншалықты шығындалатыны да назардан тыс қалмаған. Бұған қоса, рейтингтегі елдердің географиялық орналасу жағдайы да ұмыт қалмаған. Аталмыш рейтингті түзгендердің есебі бойынша елімізде 300 танк, 1,7 мың бронетехника, 744 артиллериялық құрылғы, 232 ұшақ пен тікұшақ, 15 кеме бар көрінеді. Global Firepower келтірген дерекке қарағанда, ел басына күн туса 17 млн халқымыздың сегіз млн-нан аса азаматы отанын қорғауға дайын екен. Ал Қазақстан әскерінің бюджеті 2,4 млрд долларды құрайды. Рейтингтің басында АҚШ тұр. Атлант мұхитының арғы жағалауындағы алпауыт елде 145 млн-нан аса адам әскери қызметке жарамды болып табылады. Одан кейінгі орынға Ресей Федерациясы жайғасқан: бұл көрсеткіш 69 млн адамға тең. Ал үштікті Қытай тұйықтайды: 749 млн адам. Алғашқы ондыққа кіретіндер: Үндістан, Ұлыбритания, Франция, Германия, Түркия, Оңтүстік Корея және Жапония. Бұл рейтингте ең соңғы орындарда Танзания, Мадагаскар және Мозамбик тұр.