Қазақ халқы шума індетін қалай жеңді?
Қазақ халқы шума індетін қалай жеңді?
4 жыл бұрын 3193 Abai.kz Абай Мырзағали

Қазақ даласында XX ғасыр басында түрлі жұқпалы індеттер жиі тарады. Індеттен кей қазақ ауылдарында тірі жан қалмаған. Мәйіттер жаназасыз көмілген немесе арнаулы пеште өртелген. Шешек, шума, оба, сүзек, безгек қатарлы жұқпалы індеттердің жаппай таралуы эпидемияға ұласып, жаппай қырылу халық тұрмысын күйзеліске ұшыратты. Қазақстанның батыс өңірлерінде ең  көп таралғаны ––  шума індеті еді. 

Шума індетінің қазақ даласында таралуы туралы «Айқап» журналы мен «Қазақ» гәзеті сияқты ұлттық баспасөздерде  жиі айтыла бастады. Бөкей елінде шума індеті алғаш рет 1899 жылы байқала басталғанын жазады. Біршама адамның өмірін жалмаған індет Орал губерниясына 1904 жылы жайылса, аталған уақытта Сарайшықта 406 адам өлгені туралы дерек бар. Жымпитыда 1909 жылы 218 адам жан тапсырса, Кінәз ауданында 1913 жылы 405 адам, 1914 жылы 17 адам өлімі тіркелген. 1914 жылы «Қазақ» газетінде Халел Досмұхамедұлының: «Жұқпалы аурулар қазақ арасына бір кірсе, жуық арада шыға қоймас. Бұрын естімеген, білмеген шума жиырма жылдай Бөкейлік пен Орал облысындағы қазақтардан кетуді қойды. Жыл сайын жүздеп садақа алып тұрады», - деп ескерткені осыған байланысты еді. 1914-1924 жыл аралығында Орал губерниясы шума індетінен толық айыға алмады.

Қазақ жеріндегі шума індетін тексеріп, анықтауға сол  кездегі  атқарушы үкімет орындары да тиісті қаулы-қарарларды қабылдап, әрекет жасап  отырды. Бұл туралы Бөкей ордасындағы  шума індетін тексеруге Парижден орыс дәрігері Мешинковтің келгендігі туралы «Айқап» журналының 1911 жылғы № 6 санында: «Қазірде сол кісі былтырғы шумадан өлген адамдардың сүйегін қабырдан қаздырып алып, тексеріп жатыр», - деп жазылды. Дәрігердің мәйітті тексергендегі мақсаты – өлген адам шумадан өлсе, оның  мәйітімен  қоректенген кене сияқты жәндіктің жер бетіне шығып, басқаға жұқтыру қаупін, өзге де жұғу жолдарын анықтау еді. 

Шума сияқты алапат жұқпалы індет туралы Алаш зиялылары ұлттық баспасөз беттерінде мақалалар жазып, халыққа  таралған қауіптің қатерлі екенін түсіндіру, алдын алу, сақтану жайынан ғылыми түсінік пен кеңес беруді қолға алған еді. Дәулетшаһ Күсепғалиұлы, Есенғали Қасаболатов, Халел Досмұхамедұлы, Жұмағали Тілеуліұлы, Міржақып Дулатұлы жазбалары бұған дәлел бола алады. Ал Халел Досмұхамедұлы, Дәулетшаһ Күсепғалиұлы сияқты қазақтың дәрігер азаматтары ел басына күн туғанда жұқпалы індетпен күресіп, ел арасында жүрді.

Шума індетінің тарихы 

Шума тарихы, оның  таралу барысы туралы «Қазақ» газетінде алғаш денсаулық тақырыбында қалам тербеген Жұмағали Тілеуліұлы: «Шума тарих жүзінде адаммен ертеден бірге жасасып келе жатқан науқас деуге болады. XIII ғасырда шума мейілінше күшейіп, 1346 жылдан 1351 жылға дейін Еуропаның өзінде ғана 25 миллион кісі өлді. Азиа мен Африкада да сол шамалы жан қырылған. Шуманың кетпейтін, жан-жаққа жайылып тұратын ордасы – Үндістан, Орталық Африка, Моңғолия, солтүстік Қытай. Үндістаннан Иран жері арқылы Астрахан, Орал, Бөкей, Адай елдерінің жерлеріне келді» - деп, жұқпалы індеттің өткен тарихта адамзат баласына тигізген зардабы жайында және оның қазақ даласына қай бағытпен келгеніне қысқаша тоқталады. 

Шума бактериясы

Дәулетшаһ Күсепғалиұлы: «Шуманың тегі – көзге көрінбейтін уақ құрт. Адамның ішкі сарайына кірумен құрт індет болып жабысады. Үлкейтіп көрсететін құралмен қарағанда шума құрты екі басы домалақтау  қысқа таяқ тәрізді болады. Адамның ішіне кіріп алған соң, шума құрты көбейіп, денеге уын жайып, ауырған кісіні өлтіреді»,- десе, Жұмағали Тілеуліұлы: «Шуманың бактериясы сопақтау екі басы домалақ келеді. Осы бактерия 60º градус ыстықта өледі. 4-5 күн ішінде науқастың көбі өледі. 7-8 күнге жеткендерінен жазылу үміті болады», - деп медициналық сипаттама береді. 

Шума індеті қалай таралады?

Шума тез таралатын індет  болған. 4-5 күнде алғашқы белгілері білінген. Дәулетшаһ Күсепғалиұлы безді ісіретін және өкпеден алатын екі түрін атап өтеді. Ал Жұмағали Тілеуліұлы өкпеден, сөл саласынан соның ішінде, сөл бездерінен, қан  саласынан пайда болатынын атап,  үшке бөліп көрсетеді. «Өкпеден болатын түрде бактерия дем алғанда ауыз, мұрын арқылы өкпеге барып орнайды; науқас жөтеледі, қақырығы қан аралас болады. Біздің Кіші жүз елдерінде шуманың тап осы түрі ғана болады»,- деп, қазақ өлкесінде таралған шуманың тыныс алу жолы арқылы өкпеге еніп, ажал құштыратын түрі екенін нақтылап береді.

1913 жылғы Орал облысында болған шума дертінің тез таралуы мен зардабы туралы Міржақып Дулатұлы 1914 жылы «Қазақ» газетінде былай деп жазады: «Шуманың ең әуелі басталып, күшті болған жері – Есентөбені қоныс қылып отырған қазақтың жартысы қырылып бітті: 306 адамнан 154-і ғана тірі қалды. Есентөбе алдымен қамауда қалған еді. Шума білінген орындарды 2-3 шақырымдай жерден казак-орыстар айнала қамап алды. Оларға берілген бұйрық: ешкімді шығармасқа, ешкімді кіргізбесе! Дерттің қайнап тұрған жерінде не болып жатқанын ойлаған жан жоқ. Шума білінген қазақ қыстаулары қаралған жоқ, аурулар мен саулары араласып жатты. Бұларды қоршап тұрған күзетшілердің салығы бірінен бірі алыс болғанға, түнде қазақтар жасырынып қашып шығып, нәрселерін бірге ала кеткен, осылай күзетудің де нашарлығынан әлгідей шумалы жерден шыққан дертті сау жерге жұқтырғанМәселен, Есентөбеден дерт Тұмантөбеге шоршып түсіп, мұнда 33 кісі өлді, онан Калмыковқа ауысып, мұнда 13 кісі өлді», - деп, блокбекеттер қойылып, ауылды карантиндеу және одан қашып шыққан кейбір тұрғындардың індетті өзге көрші ауылдарға тасымалдап, дерттің ушыға түсуіне себепкер болғаны туралы жазады. Бұл мақаласында Міржақып Дулатұлы нақты сандарды сөйлетеді: «Үш күннің ішінде Есентөбеде 120 қазақ өліп, бұларды көметін кісі болмады. Халық есінен танды, не қыларын білмеді, еңіреді, жылады, тірідей қоштасты, түнде күзетшілерден жасырынып қашып шығып, дертті басқа жерлерге алып бардыЕсентөбеде көмілмей қалған 150 адам өлімтігін арнап жасалған пешке салып өртеді, төрт күннің ішінде күл болып жанып бітті» («Қазақ», 1914, № 49)

Індеттің зардаптары және қайтыс болған адамдардың мәйітін бір жақтылы ету барысы еліміздегі COVID-19 індетінен қаза тапқан науқастарды арнаулы белгіленген орындарға медициналық тәртіппен жерлеуді ұйымдастыру әрекетімен сәйкес келеді. Әрине, жұқпалы індетті ауыздықтаудың, таралу жолын кесудің бір қадамы сол кезде де осылай жасалса керек.

Кеңес үкіметі орнаған алғашқы жылдары әр өңірде ауық-ауық шума індеті білініп тұрды. Сол жылдардағы дәрігерлердің тексеріс баяндамалары мен материалдарын жинақтай отырып, Міржақып Дулатұлы 1927 жылы «Шума қандай ауру. Одан қалай сақтану керек» атты еңбегін құрастырды. Бұл кітапта Міржақып Дулатұлы Адай елінің шумадан өз күшімен қалай сақтанғаны туралы былай баяндайды: «...елдің өзі шуманың тоқталуына қам қылған. Біз сұрастырып қарасақ, бүкіл ауыл адамы болып сөз байласқан: кімде-кім ауырғандай болса, оңаша үйде жатсын дескен. Осыны орындаған. Аурулар бөлек үйде жатқан, сонда өлген. Тек саулар оларға тамақ, сусын ғана апарып беретін болған. Міне, сондықтан ауру тез тыйылған. Және де біз өз көзімізбен де көрдік: ел өлген адамнан қалған (киім-кешек, төсек-орын сықылды) нәрселерді өртеп жіберген. Аурудың тез тоқтауына бұл да себеп болған. Біз өз тәжірибемізде елдің шума ауруына қарсы мұндай сақтық қамын істегенін көрген емес едік. Біздің Адай елі, надан да болса, шума сықылды апатқа қарсы қам қыла біліп, қолдарынан келгенше сақтана білген. Қаптап келе жатқан қалың пәледен сөйтіп құтылған». («Шума қандай ауру. Одан сақтану керек». 1927, Қызылорда).

«Шума қандай ауру. Одан қалай сақтану керек». Қызылорда, 1927.

Бұл мысал қазақ ауылдарының сақтық шараларын  қолдану арқылы, өз күшімен жұқпалы індеттерден сауатты түрде сақтанып, аман қалғанының айқын дәлелі. 

Науқасты емдеу мен күту

Халел Досмұхамедұлы, Жұмағали Тілеуліұлы жұқпалы індетпен ауырған науқасты күтуде бірінші кезекте сақтық шарасы екенін атап өткен. Шумамен ауырған науқасты күту ретінде аса күшті сақтық керек болған. Науқасты оңаша күтетін кісі сайланған, сақтықтың не екенін білетін күтуші болуы, қол жетсе дәрігер алғызып медициналық бақылауда болуы туралы кеңес берген. Барлық жұмсайтын ыдыс-аяқ, төсек-орын да бөлек болуы тиіс, ең алдымен қолданатын шара – тазалық болуы ескертілген еді.

Жұқпалы науқаспен ауырған адамды емдеу үшін арнаулы бөлектеу керек екенін Халел Досмұхамедұлы былайша түсіндіреді: «Ауруды бөлу дегеннің мағынасы мынау: ауру кісіні таза, оңаша бір бөлмеге салып, бір-екі ауруды бағатын кісіден басқа кісілер қатынаспасқа керек. Ауруды баққан адамдар ауру жатқан бөлмеге кіргенде, сыртынан бір киім киіп келу керек. Ол киімді шығарда сол бөлмеге тастап кету керек. Аурудан шыққанда қолын, бетін сабындап жуу керек» («Қазақ». 1914, № 63). 

Міне, байқап қарасақ, бүгінгі күні COVID-19 пандемиясынан сақтану үшін жүргізіліп жатқан сақтық шарасының бірі «үй карантині» деген оқшаулау әдісін сол кезде қалай жасау керегін «Қазақ» газеті арқылы халыққа түсіндіріп отырғанын байқаймыз.

Жұмағали Тілеуліұлы емдеудің жолы шума бактериясын егу екенін былайша түсіндірген: «Егетін зат екі түрлі: біреуі «ересен сөлі», екіншісі «қапкін сөлі» дейді. Ересендікі бактерияның өзі бөліп алып, асырап өлтіріп, не шала өлтіріп, жылқыға егіп үйретіп, аттың қаны әбден уланып болған соң ағызып алып аластап шығарады. Шуманың бактериясы тым күшті, сондықтан науқасқа еккенде бой бермей өзі алып кетуі бар. Мұнан басқа қапкін дегені бар. Оныкі шуманың бактериясын сөлге асырып 60º ыстыққа ұстап бактериясын өлтірген, бактериядан сүзіп емге жұмсайтын бактерияның уы (токсин). Осыны шума болмай тұрған сау кісіге егеді. Кісі екі жеті шамасында жеңіл түрде шумамен ауырып тәуір болады. Осыдан бұлай шума жұқпайтын болады. Тәжірибе жүзінде шума ауруы жайыла бастаса, жайылу қорқыныш болса, алдымен «ересен» тұқымын егіп, екі жеті өткен соң «қапкін» тұқымын егеді. Бұлар аурухана, дәрігерлер бар жерде егіледі. Бұлардан басқа ем – науқасты орнында күту». Егуді тек дәрігерлер мен емханалар бар жерде жасау керек екенін еске салып, сақтық шарасы ретінде карантин жасау керек екендігін тағы да қатаң ескертеді: «Бұлардан басқа шумадан сақтанудың жолы – сақтандыру шарасы. Үкімет бұл ретте карантин (сау аудан мен науқасы бар ауданды қатынастырмау) қолданады».

«Шумасы бар жақтан кеме, параход шәрге келіп кіретін болса, барлық адамдарды үкімет бұйрығымен 5 күндей карантинде ұстайды. Шума жұққан кісі болса, 5 күн ішінде ауруы тиіс. 5 күн ішінде ауырған адам болмаса, карантиннен босатылады. 5 күнде шуманың жасырын мезгілі бітеді. Орта Азия жағынан келетін Орал, Бөкей жағында жайылатын шуманы тоқтатуға үкімет талай карантин жариялады. Бірақ құрғақ жер болғандықтан, халық надан болғандықтан, тәртіп орындалмаса керек» («Жұқпалы науқастар – оларға қарсы қолданылатын шаралар». Мәскеу, 1926). 

Бұл бүгінде әлемдік пандемияға айналған COVID-19 індетінен сақтану үшін 15 күн карантинде ұстау шарасы – індеттің таралуына және жайылуына тосқауыл болатын басты шаралардың бірі.

Ұсыныстар

Орал облысында 1913 жылы болған шуманы тексеру құрамында Халел Досмұхамедұлы мен  Дәлетшаһ Күсепғалиұлы бірге барды.  Дәлетшаһ Күсепғалиұлы шуманың таралуы мен  одан сақтану шаралары туралы 1914 жылы 1-10 март аралығында Самара қаласында 200 астам дәрігерлер қатысқан «Шума сиезінде» баяндама жасап, үкімет орындарына бірқатар ұсыныстар айтты. Шумадан сақтану ұсыныстары арасында емханалар санын көбейту, дәрігерлер мен фе́льдшер жалақысын үстемелеу, шума жайында материалдар мен кітаптар шығару, оларды тарату, курстар ашу, запасной отряд (көмекші) дайындау, қазақ балаларына докторлыққа 10, фе́льдшерлікке 12 степендия ашу, 6 қазақ қызына фе́льдшер-акушерлік курсына түсуге орын ашу сияқты талаптарды ортаға қойған. Сол арқылы қазақ ұл-қыздарының болашақта дәрігерлік мамандығын ақысыз оқып, шәкіртақы алу жоспарланып, мамандық алған түлектердің ел үшін игілікті жұмыс істеуіне жол ашу мәселелері қарастырылған еді.

Жоғарыдағы мәліметтерге көз жүгіртсек, қазақ ауылдары ХХ ғасырдың бірінші ширегінде жұқпалы шума індетінен қалай сақтанғанын көре аламыз. Баспалар қатаң карантин шараларының сақталуын, оқшауланудың маңызын айқындап, тұрғындардың әрбірінің саналы әрекеттерінің маңызын атап көрсетеді. Сонымен қатар, осы әрекеті арқылы жұқпалы аурулардан сақтану, алдын алу, қорғану шараларын өз күштерімен жүргізгені шығын мөлшерін де азайтқан. 

Алаш зиялыларының шумадан өзге шешек, оба, сүзек, мерез, соз, таз-теміреткі, теңге қотыр, трахома (көз ауруы), көксау (туберкулез), безгек, құтыру, без ауруы және т.б жұқпалы аурулардың пайда болуы, жұғуы, олардан сақтану туралы жазған мақалалары Кеңес үкіметінің алғашқы жылдары жеке-жеке 30-ға жуық кітап болып шығып, денсаулық саласындағы қазақ тілді алғашқы еңбектер қатарына енді. Ал өздері қуғын-сүргінге ұшырағанға дейін, ағартушылық жұмыстарды жүргізумен қатар денсаулық саласында ұлтына қалтқысыз қызмет ету арқылы бүгінгі ұрпаққа тамаша үлгі қалдырды.

0 пікір
Мұрағат