Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауға дейін президенттік міндетті атқарады
Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауға дейін президенттік міндетті атқарады
6 жыл бұрын 3916 7kun.kz arasha.kz

Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған мәлімдемесінде сайлауға дейін Қазақстанды Қасым-Жомарт Тоқаевтың басқаратынын айтты.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 48-бабының 1-тармағына сәйкес Президент уақытынан бұрын өз өкілеттілігін тоқтатса, мемлекетті басқару өкілеттілігі Сенат төрағасына жүктеледі. Осылайша Қасым-Жомарт Тоқаев Президент сайлауына дейін мемлекет басшысының уақытша міндетін атқарады.

“Қазір Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Оны Сіздер жақсы білесіздер. Ол Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының түлегі, ғылым докторы. Ағылшын және қытай тілдерін еркін меңгерген. Басшылық лауазымдарда қызмет етіп, мол тәжірибе жинады”,-деді Елбасы.

Сондай-ақ, Қ.Тоқаевтың Сыртқы істер министрі, Премьер-Министрдің орынбасары және Премьер-Министр, Сенат Төрағасы болғандығын, елімізді, оның экономикасы мен саясатын жетік білетіндігін атап өтті.

“Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары болып жұмыс істеді.  Бұл – оның дипломат ретінде сіңірген еңбегінің және Қазақстанға деген зор сенімнің жемісі.  Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап менімен бірге жұмыс істеп келеді. Мен оны жақсы білемін. Ол – адал әрі жауапкершілігі жоғары азамат. Еліміздің ішкі және сыртқы саясатын жан-жақты сезінеді. Ол барлық бағдарламаларды әзірлеуге және қабылдауға атсалысты. Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанды басқаруға нағыз лайықты азамат деп сенемін”,-деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Конституцияның 48-бабының 2-тармағына сай, Қасымжомарт Тоқаевтың ант беру рәсімі 20 наурызда сағат 12:00-де парламенттің бірлескен отырысында өтеді, деп хабарланды.

0 пікір
Мұрағат