Қарапайым жігіттің ерлігі бәрібір ескерусіз қалмады
|
ШҚО тұрғыны өзін өлімнен арашалаған адамды 7 ай іздеген. Бұл жайында tengrinews.kz ақпарат көзі YK-news.kz порталына сілтеме жасай отырып, хабар таратты.
Шүлбі тұрғыны Николай Заставин өткен жылы наурыздың аяғында су қоймасының жағалауында серуендеп жүріп, мұз үстінде жатқан затты алу үшін жақын барыпты. Сол сәтте мұз жарылып, ол су түбіне кеткен. Алайда сол маңнан өтіп бара жатқан жігіт көмекке келіп, оны мұзды судан аман алып шығыпты.
"Заставинді өлімнен арашалап қалған жігіт бірден такси ұстап оны үйіне жеткізген. Алайда қатты қорқып қалған Николай Заставин оның аты-жөнін де сұрамапты", - делінген жарияланымда.
Порталдың мәліметінше, Заставин ол жігітті 7 ай іздеген. Кейін оның өрт сөндіру қызметінің старшинасы Дәурен Әбілқасенов екені анықталды. Заставин Семейдің төтенше жағдайлар басқармасына хат жазып, оны марапаттауды сұрады. Кеше Әбілқасеновке ІІМ басшысының атынан медаль табыс етілді. Ал ТЖБ-дағы оның әріптестері Әбілқасеновтің батыл әрекеті туралы Заставиннің айтуынан кейін ғана білді. Ал Дәуреннің өзі қарапайымдылығынан болар, оқиға жайлы ешкімге тіс жармапты.