Қандай салық төлейміз?
Қандай салық төлейміз?
8 жыл бұрын 3489 7kun.kz

ҚҚС (қосымша құн салығы) орнына БСС (бөлшек сауда салығы) енгізу туралы идея осыдан 2 жыл бұрын көтерілген. 2016 жылдың күзінде енгізілуі керек деген заң жобасы ендігі жоспар бойынша 2017 жылдан бастап жұмысын бастайды. 

ҚҚС және БСС — екеуі де тұтыну салығы яғни жүзеге асырылған жұмыс, қызмет түрі немесе тауардың үстінен алынады. Мұндай салық тауардың негізгі бағасына қосылып, сауда жасаған кезінде есептеледі. Кейінірек сатушы ол салықтан түскен қаржыны бюджетке аударады.

Бірақ, ҚҚС мен БСС-нің айырмашалығы неде? Алғашқысы тауардың қандай жолмен жүзеге асырылатынына қарамастан алынады, яғни сіз өніміңізді тұтыну мақсатында, қайта сатылу, ары қарай өңдеу кезеңінде болса да төлеуіңіз қажет. Ал БСС тек соңғы нүктеде яғни тұтынушыға сатылған кезде ғана алынады.

Бұл екеуінің орнын ауыстырғанда қандай өзгеріс болады? Неге жаңа өзгеріс үлкен дау тудырып жатыр? Қазақстан салық төлеушілер ассоциациясының сарапшысы Айдын Ибрагимовтың пікірін ұсынамыз. 

ҚҚС-ның артықтышылығы:

  • Мемлекет үшін ҚҚС-ның пайдасы — бюджетке үлкен түсімдер келеді. 2014 жылы импорт арқылы қазынаға 789,3 млрд теңге келді. Ал тауар, қызмет және жұмыс өндірушілер арқылы ішкі ҚҚС-дан келген түсім 408,9 млрд теңгені құрады.
  • ҚҚС тауар өндірісінің ең бірінші кезеңінде алынады. Егер салық төленбесе, тауар нарыққа кіргізілмейді. Себебі, ары қарай салық төлеушінің әрекетін қадағалап отыру қиын болады.
  • Қазір ҚҚС-ның әкімшілігі барынша қатаңдатып жатыр, қосымша құжат, электронды есеп фактурасы егізілді. Бірақ, оны БСС-мен ауыстыратын болса, қосымша шығынның не қажеті бар деген сұрақ тұрады. Ендеше, ҚҚС әкімшілігін соңына дейін жақсартып, сол күйінде қалдыра берген жақсы.

ҚҚС кемшілігі:

  • ҚҚС-ны есептеу кезінде мемлекет тауар өндіріліп, тұтынушының қолына тигенге дейінгі аралықтағы ұзақ тізбекті қадағалап отыруы қажет. Егер белгілі бір кезеңінде алаяқтық жүйе қолданылса, бюджетке түсетін қаржы көлемі де азаяды.
  • Қаржы министрлігіндегі Мемлекеттік кіріс комитетінің мәліметінше, Қазақстандағы ҚҚС көлемі экспортерге бюджеттен қайтарылатын қаржы көлеміне қарағанда аз. Яғни, мемлекеттік қазынаға баратын ақшаға қарағанда қазынадан шығатын ақша көлемі кем.
  • Қазақстан президентінің сөзінше, «ҚҚС күрделі және ашық емес». Қарапайым адам бірден түсіне қоймайды. Сондай-ақ, БСС-мен салыстырғанда оны есептеу де қиынға түседі.

БСС артықшылығы қандай?

  • Бөлшек сауда салығының құрылымы қарапайым, сондықтан, кәсіпкерлерге ғана емес тұтынушыларға да түсінікті. Мысалы, БСС 5%-ға тең болса, құны 1000 теңге болатын тауардан алынатын салық 50 теңге болады деп есептеу оңай.
  • ҚҚС-мен салыстырғанда пайызы да төмен, тиісінше тартымды және қолжетімді.

БСС кемшілігі қандай?

  • БСС енгізбес бұрын, оны кім төлейтіндігін анықтап алу қажет. Импортерлер немесе тауар, қызмет өндірушілер әлде соңғы тұтынушы ма? Егеп БСС соңғы кезеңде яғни тұтынушы тауарды сатып алған кезде ғана төленсе, бюджетке баратын түсім азаяды. Тек импортерлер ғана ұтады.
  • Қазақстандағы бөлшек сауда нарығы үлкен, қадағалап отыру да қиынға соғады. Кассалық аппарат енгізуге тырысқанымен, психологиялық факторды есепке алу қажет. Егер базардағы сатушыға ресми түрде 110 мың теңге емес, «өзара» 100 мың теңге төлеуді ұсынса, оның келісе кетуі әбден мүмкін. Тұтынушының әрекетін де бақылау оңай емес.
  • Халықаралық сарапшылардың есептеуінше, жаңа өзгеріс инфляциялық процесске де әсер етеді. Мысалы, белгілі бір орталық белгілі бір қонақүйге қызмет көрсетіп, өз ақысының үстіне 10%-дық сауда салығын (БСС) қосады. Қонақүй оны, әрине, төлейді, бірақ шығынның орнын толтыру үшін өз бағасын көтереді. Әрі өз тарапынан да сауда салығын да қосып қоюы мүмкін. Нәтижесінде заңды тұлғалар арасында бір-біріне деген сенім азаяды.
  • Егер бюджет толтыру үшін БСС-ны барлық кезеңде қосатын болса, баға да күрт көтеріліп кетеді.

Ұлттық экономика министрлігі түсіндіргендей жаңа өзгеріс әлі де талқылану үстінде. Қазір «әлемдік БСС тәжірибесін, оның макроэкономикалық көрсеткіштерге, елдегі бизнеске және мемлекет пен салық төлеушілер үшін ықпалын» зерттейтін топ жұмыс істеп жатыр.

«ҚҚС-ны БСС-ға ауыстырумен қатар салықтық әкімшілігі барынша жақсартып, ҚҚС-ны сақтап қалу деген мәселе де қаралуда. Әзірге аталған мәселелерге қатысты нақты шешім қабылданған жоқ», — деді ведомстводан.

1 пікір
Мұрағат