Қандай жағдайда адам ҚР азаматтығынан айырылады — Жаңа Конституция жобасы
Қандай жағдайда адам ҚР азаматтығынан айырылады — Жаңа Конституция жобасы
1 сағат бұрын 40 kaz.inform.kz Айжан Серікжанқызы. Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

KAZINFORM — Жаңа Конституция мәтінінде Қазақстан Республикасының азаматында қос немесе көп азаматтықтың болуына жол берілмейтіні анық жазылды. Бұл туралы Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Конституциялық комиссияның 6-отырысында айтты. 

Спикердің айтуынша, «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» атты екінші бөлімнің ережелерін тұжырымдауда халықаралық жалпы танылған актілердің талаптары барынша ескерілді. Олардың қатарында Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы, Қазақстан қосылған Халықаралық пактілер мен басқа да құжаттар бар.

− Осылайша адам мен азаматтың жеке, әлеуметтік-экономикалық және саяси құқықтарының мазмұндары толықтырылып, жаңа бір қырлары ашылды. Оларды жүзеге асыру мен қорғаудың кепілдері елеулі күшейтілді. Біз бұқаралық талқылауда адамның өмір сүру құқығының абсолюттігі, оның жеке басына тиіспеу, «Миранда» ережелері, цифрлық дәуірде дербес деректерді қорғау туралы нормалар қолдау тауып жатқанын көріп отырмыз, − деді Бақыт Нұрмұханов елордада Конституциялық сот ғимаратында.

Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының азаматында қос немесе көп азаматтықтың болуына жол берілмейтіні анық жазылды. Өзге ел азаматтығының болуы Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға негіз болады.

− Комиссияның алғашқы отырыстарында әр адамның жеке басының бостандығы құқығын қылмыстық іс жүргізу барысында қорғау кепілдерін нығайту қажеттігі айтылған еді. Бұл бағытта кейбір айрықша жағдайларды қоспағанда, адамды соттың шешімінсіз ұстау мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа дейін қысқарту ұсынылды. Алайда кейінгі отырыстарда бұл мәселе қызу талқыланып, «нақты мерзімдер заң деңгейінде белгіленсе» деген пікірлер айтылды. Олар жобада ескерілді. 18-бапта сот шешімінсіз адамды заңда көзделген мерзімнен артық ұстауға болмайды, деп беріліп отыр, − деді Конституциялық комиссия мүшесі.

Осылайша, адамды күзетпен ұстауға тек сот шешімімен жол беріледі. Ол тұлғаның шағым жасау құқығы қарастырылды. 

Еске сала кетсек, Конституциялық комиссияның 6-отырысында жаңа Конституция жобасы таныстырылды.

Айжан Серікжанқызы

0 пікір
Мұрағат