Қайрат Құрманбаев мұсылман құқықтарының түйткілдеріне тоқталды
Қайрат Құрманбаев мұсылман құқықтарының түйткілдеріне тоқталды
6 жыл бұрын 3765

Бүгін Орал қаласында "Зайырлы қоғам: құқық пен діннің өзара байланысы" атты халықаралық форум еліміз бен алыс-жақын шетелдердің дін мамандары мен ғалымдарының басын қосты. Форумды Батыс Қазақстан облысының əкімі Алтай Көлгіновтің өзі ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Облыс әкімінен кейін сөз сөйлеген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз зайырлылық мәніне, мемлекетіміздің азаматтардың діни-сенім бостандығына құрметпен қарауының артықшылықтарына тоқталды. 

Құрметті қонақтар құрамында Нұр-Мүбарак университетінің проректоры, доцент Қайрат Құрманбаев зайырлы қоғамдағы құқықпен қатар мұсылман құқықтарының ерекшеліктерін алға тартты. 

-             Салиқалы сахабалар мен табиғиндер кезеңінде де түрлі саяси діни бағыттардың шыққандығын ескерсек, әр кезеңде түрлі діни ұстанымдар мен көзқарастардың болуы заңды құбылыс. Бұл ислам дінінің еркін ойға, наным сенімге еркіндік беруімен сипатталады. Алайда адамдарға еркіндік пен бостандық құқығы аясында наным-сенім бостандығының берілуі абсолюттік деңгейде көрініс таппауы қажет. Әрине, бостандық – әрбір адамның туа біткен құқығы. Ол – адамды материалдық және рухани өмірінде жетістіктерге жеткізетін үлкен құндылық. Бірақ бостандық адам баласына өзгеге зиян келтіріп, қоғамға қауіп төндіру үшін берілмейді. Исламда ешкімге қоғам ішінде дүрбелең орнатып, жамандық таратуға жол жоқ,– деп мұсылман құқықтарының қыр-сырын ғылыми негізде жеткізді. 

Сондай-ақ форумға Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасы Халықаралық қатынастар бөлімінің басшысы Мұхаммед-Акмалхан Шəкіров, М.П.Драгонов атындағы Ұлттық педагогикалық университетінің доценті, ғылым докторы Денис Брилев, Ресей ислам университетінің проректоры Мурсаль Ахметов, т.б. ғалымдар мен мемлекеттік мекеме басшылары, жергілікті дін қызметкерлері қатысты. Негізгі мәселе адамзаттың ажырамас бөлігіне айналған діни сенімнің қоғам өміріне қауіп төндіруі емес, қауіпсіздікті қамтамасыз ету хақында мәселелер талқыланды  

Айша КЕҢЕСБАЙ 

Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі 

  

 

0 пікір
Мұрағат