Путиннің жаңа мерзімі Қазақстанға қалай әсер етеді?
Путиннің жаңа мерзімі Қазақстанға қалай әсер етеді?
7 жыл бұрын 4515 azattyk.kz Мәншүк Асаутай

Владимир Путин Ресей президенті болып қайта сайланды. Сарапшылар Путиннің алты жылдық жаңа мерзімі Қазақстан мен Орталық Азияға әсері жайлы айтты.

Ресей Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) мәліметінше, қазіргі президент Владиир Путин сайлаушылардың 77 пайыз даусын жинаған. Путинге шамамен 55 миллион адам дауыс берген. Сайлауға дауыс беру құқығы бар сайлаушылардың 67 пайызы қатысқан. ОСК төрайымының орынбасары Николай Булаевтың айтуынша, бюллетендердің түгелге жуықы саналған.

Екінші орынды 12 пайыз дауыс жиған Ресей Коммунистік партиясының кандидаты Павел Грудинин, үшінші орынды 5,7 пайыз дауыс жиған Либерал-демократиялық партиясының кандидаты Владимир Жириновский иеленді. "Гражданская инициатива" тобынан түскен Ксения Собчак екі пайызға жуық, "Яблоко" партиясының негізін салушы Григорий Явлинский бір пайыз дауыс жинады.

Ресей ОСК президент сайлауының қортындысын жариялаған сәт. Мәскеу. 19 наурыз 2018 жыл.
Ресей ОСК президент сайлауының қортындысын жариялаған сәт. Мәскеу. 19 наурыз 2018 жыл

Қазақстандық саясаттанушы Айдос Сарым Ресейде Владимир Путиді ұлықтау күшейе түседі деп болжайды.

- Бұл [сайлау] тек қазіргі бар жағдайды ресмилендіру, заңдастыру деуге болады. Ресей Қазақстанның тәжірибесін толығымен қайталайды, басқа ешқандай жолы қалмайды. Ол жақта да "ұлт көшбасшысы" деген сияқты жайттар тек арта беретін сияқты. Ресейдің ауқымы мен әлеуетін ескеретін болсақ, бұл тіпті Қазақстаннан да асып түсетін түрі бар, - дейді сарапшы.

Саясаттанушының сөзінше, "егер Қазақстан мен Ресей арасындағы қазіргі саясаты дәл бүгінгідей жалғаса берсе алдағы алты жылда керемет жаңалық бола қоймайды".

- Осы сайлаудың өткен сайлаудан ерекшелігі, Собчактан басқа кандидаттар "Совет одағын қалпына келтіру" деген әңгіме айтты. Осы тұрғыдан алғанда Ресейдің осындай қитұрқылыққа, тұңғиыққа бата беруі ешқандай жақсылық әкелмейді. Және болашақта Ресейде әлеуметтік және экономикалық жағдайдың қандай болатынын білмейміз. Сондықтан әрине Ресейдің өзінің ішкі проблемасын шешу үшін, Украинаның Донбасы сияқты жағдайларға барып қалуы да ықтимал. Содан қауіптенуіміз керек сияқты. Сондықтан Қазақстан қорғаныс және сыртқы саяси доктринасын қайта қарап, өзіне қорған болатын жолдарын іздеп, ішімізді бекіте беруіміз керек, - дейді Айдос Сарым.

"ҚАУІПТІ ТРЕНД"

Саясаттанушы Досым Сәтбаев Путин басшылық еткен жылдарда өте қауіпті тренд қалыптастырғанын айтады.

- Путин өзінің идиологиялық базасын экономикалық оқшаулау мен сыртқы саясатта экспансиялық саясатқа акцент жасай отырып, советтік және патшалық идеологияны біріктіріп қауіпті тренд жасады. Ол соңғы жылдары Ресейде үнемі ішкі және сыртқы жауды іздейтін қоғам қалыптастырды. Бұл түсінікті де, себебі елдің әлеуметтік-экономикалық саласында жетістіктер болмаса, қоғамды Ресейді жойып жібергісі келетін жаулары туралы дақпырт айтып, үреймен жұмылдыруға болады, - дейді Сәтбаев.

Оның сөзінше, "президент сайлауы алдындағы Ресей мен Ұлыбритания арасындағы саяси дау мен Путиннің наурыз айындағы соңғы жолдауы да Совет одағын еске салады. Ол кездеде бас хатшылар дәл осылай халыққа жарқын экономикалық болашақты уәде ете отырып, Батысқа Совет Одағының әскери күшін меңзеп саусағын шұқшитып, сес көрсеткен".

- Меніңше, Путин Батыспен арадағы текетіресті одан әрі жалғастырады. Батыс болса Ресейге қарсы санкцияны күшейтеді. Әлбетте, бұл Қазақстанға да кері әсерін тигізеді. Тиіп те жатыр. Мәселен, Украинаға қатысты санкция соғысы басталғанда біз экономикалық зиян шектік. Ресей бізді "реэкспортпен айналысып жатырсыңдар" деп айыптаған да еді. Сондай-ақ, "урапатриоттық психоздың" кесірінен Ресейдің саяси элитасы, ТМД елдеріндегі Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан сияқты серіктестеріне сателлит ретінде қарайтыны байқалады. Бұл жуырдағы Қазақстанның латын қаріпіне көшеуі мен Ресей сыртқы істер миниситрі Сергей Лавровтың Қазақстан мен АҚШ арасындағы визасыз режим жайлы сөзін айтуға болады, - дейді қазақстандық саясаттанушы.

Қырым аннексияның 4 жылдығына арналған митинг-концертке келген Владимир Путин. Мәскеу. 18 наурыз 2018 жыл.
Қырым аннексияның 4 жылдығына арналған митинг-концертке келген Владимир Путин. Мәскеу. 18 наурыз 2018 жыл

​Орталық Азияда демократияны дамыту қорының бас директоры Толғанай Үмбеталиева Путин алда Еуразиялық экономикалық одақтың жұмысын күшейтуге тырысатынын, бұл істе Қазақстан негізгі қозғаушы күш болатынын айтады.

- Соңғы жылдары Батыспен арадағы қарым-қатынастың күрделенуінен Ресей Еуразиялық одаққа назар аудармап еді. Орталық Азияға назары ауып, белсенділігі артатын сияқты. Ресей Орталық Азия елдерінің бірігуіне жай қарап отырмайды, бақылайды. Қосылуға әрекет жасауы да мүмкін. Сондықтан Қазақстанға есесін жібермеуі керек, - дейді сарапшы.

Оның сөзінше, 2017 жыл Қазақстан үшін есте қаларлық жыл болған. Өйткені Қазақстан сыртқы саясатта өзін дербес мемлекет екендігін көрсете білді. Ендігі мақсат – осыны жалғастыру.

65 жастағы Владимир Путин Ресейді 2000 жылдан бері басқарып келеді. Ол 13 жыл президент, оның арасында төрт жыл премьер-министр қызметін атқарды. Путиннің алтыншы мерзімі 2024 жылы аяқталады. Ресей конституциясына сай бір президент үшінші мерзімге сайлана алмайды. Бірақ алты жылдық үзілістен кейін қайта сайлауға түсуіне болады.

0 пікір
Мұрағат