|
Президент қоғамдық пікірге ықпал ететіндердің есімдерін жариялауды талап етті
|
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сот үдерісі кезінде қоғамдық пікірге ықпал ететін адамдардың есімдерін жария етуді талап етті.
Бұл туралы Президент Қазақстан Республикасы судьяларының VII съезінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Бөлек лоббистік топтардың мүддесі үшін сотқа қысым көрсету мақсатында қоғамдық пікірге ықпал ету фактілерінің жолын кесу керек. Яғни, осындай талпыныстар болса, тиісті әрекет жасау қажет. Ондайлар бар және мен оны білемін. Өзінің мүмкіндігімен, байланысымен, ақшасымен сотқа араласса, ондай адамдарды барша Қазақстан бойынша көрсету керек. Сонымен қатар, судьялық қоғамдастық жабық корпорация іспеттес және қоғамдастық сыннан тыс болмауы тиіс", - деді Президент.
Елбасының сөзіне қарағанда, соттар мен құқық қорғау органдарына қоғамдық сенімнің жеткіліксіз деңгейі туралы қазақстандықтардың жоғары тұрған мемлекеттік инстанциялардан бастап, Президентке дейін жасап жүрген өтініштері дәлел болып отыр.
"Оларда соттардың, құқық қорғау органдарының шешіміне шағымдар қамтылған, ал кейде судьялық корпус өкілдері мен құқық қорғаушылардың адалдығына, қиянатқа бармайтындығына күмәнмен қарайтындығы жазылады. Тек өткен жылы Президент Әкімшілігіне азаматтар мен ұйымдардан 10 мыңға жуық шағым түсті, биылдың 10 айында 7 мыңға жетті. Сондықтан да бір жағынан сот қателіктеріне жол бермеу, ал екінші жағынан әділ соттылықты жүзеге асыруда кез келген лауазымды тұлғалардың араласуын болғызбау қағида тұрғысында маңызды", - деді Мемлекет басшысы.