Пайыз, сынып, әнұран сөздері қолданыстан алынады – министр
|
Халық алдында есеп берген ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова 3000-нан жалпыға бірдей қабылданған термин мен ұғым қайта қаралып бекітілгенін айтты. Бұл жайында baq.kz ақпарат көзі хабарлады.
«Елбасының тапсырмасына орай, халықаралық терминдерді қазақ тіліне қайтару үшін терминологиялық қорға мониторинг жүргізілді. Осыған орай өткен жылдан бері қазақ тіліне аударылған 3300-нан астам жалпыға бірдей қабылданған термин мен ұғым қайта қаралып бекітілді. Олардың 300-ге жуығы – халықаралық терминдер. Мысалы, "мұражай" деген сөз "музей" болатын болды. Мұрағат – архив, тағы сондай-сондай нәрселер.Termincom.kz сайтының негізінде терминологияның қазіргі жағдайы мен негізгі қағидалары туралы ақпараттандыру үшін электронды платформа іске қосылып жатыр. ҚР Үкіметі жанындағы республикалық ономастикалық комиссияның жұмысы аясында орталық және жергілікті атқарушы органдардың өтініштері негізінде объектілер мен елдімекендердің атауларына өзгертулер енгізілді», - деді министр.
Жалпы, қайта қаралып өзгертілген сөздердің арасында пайыз – процент, сынып – класс, мейрамхана – ресторан секілді көпшілікке сіңісіп кеткен сөздер де бар.
Қайта бекітілген термин сөздер қолданысқа ене ме - Маман пікірі
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек 3300 термин сөздің қайта бекітілуіне қатысты ойын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Айта кетсек, кеше, 20 маусымда министр Ақтоты Райымқұлова есеп беру кездесуінде халықаралық терминдерді қазақ тіліне қайтару үшін терминологиялық қорға мониторинг жүргізілгенін, осыған орай бұрын қазақ тіліне аударылған 3 300-ден астам жалпыға бірдей қабылданған термин мен ұғым қайта қаралып бекітілгенін мәлімдеген еді.
Sputnik Қазақстан келтірген мәлімет бойынша мына сөздер қайта қаралған: азатжол - абзац, пайыз - процент, сынып - класс, құрсым - шина, теңгерім - баланс, әнұран - гимн, мұқаммал - инвентарь, ақау - дефект, шегендеу - демаркация, мейрамхана - ресторан, қимыл - анимация.
Алайда, Ерден Қажыбектің айтуынша, бұл бекітілген термин сөздер бұйрық ретінде емес, халыққа жасалған ұсыныс сипатында түсінілуі тиіс. Әңгімеге арқау болып отырған 3 300 сөз бүгін-ертең алып тасталмайды.
"Былтыр институт атынан терминдерді қарау, сараптау, талқылау және бекіту бойынша өзінің бір рәсімін бекіту туралы ұсыныс айтқан. Осылайша ғылыми зерттеуге үкіметтен тапсырыс беріліп, қаржыландыруы керек. Өйткені бұл оңай жұмыс емес. Бүгін-ертең бұл 3 мыңнан аса сөз алып тасталмайды. Жалпы терминологиялық мониторинг жүргізілуі тиіс. Халық қандай сөздерді қабылдап жатыр, қандай сөздер енбей жатыр, қандай сөздер сіңіп кетті, осының барлығын зерттеу керек. Халықтан бұлайша көп сөзді алып тастау мүмкін емес", - дейді институт директоры.
Ғалым жалпы термин енгізудің үш принципіне тоқталды.
"Тіліміздің дамуын өз қолымызбен шектемеуіміз керек. Бұл жерде жаңадан бір велосипед ойлап табудың немесе Америка ашудың қажеті жоқ. Ахмет Байтұрсынұлы мен басқа да ғалымдар бекіткен термин жасау принциптері бар. Біріншіден, кез келген термин қандай керемет болса да төл тілдің негізінде балама бар-жоғы қарастырылады. Мысалы "система" деген сөздің қазақ тілінде "жүйе" деген баламасы бар. Бұл халықаралық терминологиялық ереже. Екінші жолы - балама жоқ болған кезде туыстас тілдерден қарастыру керек. Үшіншісі - баламасы өзімізде де, туыс тілдерде де жоқ болса қазақ тілінің негізінде соған балама термин жасауға тырысу керек", - дейді Ерден Қажыбек.
Оның пікірінше, қайта бекіту үшін алып тасталған сөздердің ішінде сәтті шығып, халық арасына еніп кеткендері де бар. Мысалы "әнұран", "ғаламтор" сөздері.
"Меніңше, мұндай сөздерге "әнұран", "ғаламтор" сияқты сәтті терминдерді тамаша мысал ретінде келтіруге болады, мұндай сәтті аударылған терминдерді халық та қабылдаған. Бұл сөзді кім ауыстырғысы келсе де ауыстыра алмайды. Қандай сөзді қолданысқа енгізетінін ел шешеді. Жұртшылық жоғары жақтан берілген бұйрыққа көңіл бөлмейді, қай сөз ұнаса, сол сөзді таңдап, қолданады", - дейді маман.