Өзбекстан-Қазақстан қарым-қатынасы: қандай байланыс бар?
|
Өзбекстан мен Қазақстан қарым-қатынастары — Орта Азиядағы мемлекет аралық қарым-қатынастардағы ең маңызды аспектілердің бірі. Осы аймақтағы үлкен рөлге ие республикалар ретінде өзара бәсекелес екендігі де рас. Сарапшылар екі елдің қарым-қатынасын көбінде «аймақтағы көшбасшылық үшін бәсекелестік» деп бағалайды. Дегенмен, екі жақ өңірдегі қандай мәселе болсын өзара әріптес болудан тыс қалған емес.
Өзбекстан мен Қазақстан — Орта Азиядағы геосаяси жағынан маңызды елдердің бірі. Жер көлемі жөнінен 9-орын иеленетін Қазақстан ірі державалар Ресей және Қытаймен шекараласады. Каспий теңізі арқылы Орта Азиядағы жағдайды да назардан тыс қалдырмайтын Иранмен де жақындық бар.
Өзбекстан аумағы Қазақстаннан 6 есе аз болғанымен, кез-келген батыс еуропалық елді жер көлемі жөнінен басып оза алады. Ресей, Қытай және Иран да Өзбекстанмен шектеспейді. Республикамен көршілес Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, тіпті, Ауғанстан тәрізді елдерді геосаяси маңыздылығы жағынан Өзбекстаннан кейінгі орындарда жатыр. Көршілеріміз жағынан айырмашылық болғанымен, қандай мәселелер бізді байланыстырады?
Шекара мәселесі
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекара 2200 шақырымды құрайды. Екі ел арасындағы шекара мәселесі ең басты даулы проблемалардың бірі еді. Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы мемлекеттік шекараны межелеу процедурасы 2 кезеңнен өтті. Бірінші кезеңде жалпы шекараның 96%-на қатысты мәселе шешілді, 2001 жылы осыған сай келісімге қол қойылды. Бірақ әлі 4%-дай үлесіне қатысты сұрақ қалған еді.
2002 жылғы келісім даулы мәселелердің шаруасын шешкенімен, шекаралас елдімекендерге қатысты жағдай ретсіз еді. Шекара таңбаланбағандықтан, елдімекендерге заңсыз өтіп кетіп, оның арты өзара қақтығыстарға жалғасқан жағдайлар кездесті. Дегенмен, 2004 жылдың мамырында ресми түрде «Гишткуприк» (Өзбекстан) және «Жібек жолы» (Қазақстан) өткізу бекеттерінде екі елдің елтаңбасы бекітілген бағана орнатылды. Бірнеше жылдық келіссөздерден кейін екі жақ қандай-да бір аумақтық шағымдары жоқ екендерін жариялады.
Экономикалық-сауда байланыстары
Өзбекстан мен Қазақстанның сауда қарым-қатынастары 1990 жылдардан бастап 2000 жылдарға дейінгі аралықта түрлі мәселелерге байланысты өте төменгі деңгейде қалған еді. 2008 жылы Өзбекстан президентінің Астанаға сапарынан кейін ғана алға жылжыды. 2012 жылы сырқы сауда айналым көлемі 2,5 млрд долларды құрады. Оның ішінде Қазақстан экспорты 1,344 млрд долларды, ал Өзбекстан импорты 817 млн долларға тең болды. 2015 жылы сауда айналымы 3,2 млрд долларға дейін жетті. Әрине, көрсеткіш мұнымен шектеліп қоймайды.
Өзбекстан біздің елімізге жеңіл және жүк машиналарын, ауыл шаруашылық техникаларын, электротехника және жеңіл өндірісі өнімдерін және құрылыс материалдарын тасымалдайды. Өз кезегінде Қазақстан Өзбекстан металл өнімдерін, ферроқорытпа, ағаш өнімдерін жеткізеді. Екі ел ауыл шаруашылық, жеңіл және ауыр өндіріс, транспорт коммуникациясы, мұнай-газ өндірісі тәрізді салаларда серіктестіктерін арттыра алады.
Орта Азия проблемалары
Аймақтағы қауіпсіздік мәселесі негізгі проблемалардың бірі. Екі елді де өңірдегі исламдағы экстремизм қаупі қатты алаңдатып отыр. Өзбекстандағы Ислам қозғалысының өкілдері ұзақ уақыттан бері республикасының ішкі тұрақтылығына қауіп төндіріп келеді. Ислам Каримов елінің Ауғанстанмен шекаралас екендігін ескерсек, радикалды ислам мәселесі күн өткен сайын күшейіп келе жатқандығы жасырын емес.
Сондай-ақ, Орта Азиядағы су-энергетика, экология, транзит, инвестиция және т.б. тәрізді мәселелерді өзара біріге отырып шешуге тырысады. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестік келісіміне сай олар Орта Азиядағы су пайдалану жүйесін әділетті пайдалану қажет деп біледі. Өз кезегінде Н.Назарбаев көрші елдер арасындағы қақтығыстың мәнін былай деп түсіндірген еді: «Өзеннің жоғары жағында тұратын біздің көршілерімізге, бауырлас ағайындарға үлкен сәлем. Біз өзеннің төменгі жағында тұрамыз, бізге су жетпейді. Бұл біздің халқымыздың өміріне де әсер етеді».
Әлемдегі қауіпсіздік мәселесіне қатысты ең үлкен проблемалардың бірі — ядролық қарусыздандыру мәселесі. 1991 жылы Қазақстан Семейдегі сынақ алаңын жапқаннан кейін 1993 жылы Өзбекстан президенті Ислам Каримов Орталық Азияны ядросыз аймақ деп жариялауды ұсынды. Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Тәжікстан бұл ұсынысты толығымен қолдаған еді. Бірақ, 2014 жылдың күзінде ғана 5 ядролы держава Ұлыбритания, Қытай, Ресей, АҚШ және Франция Орта Азия елдеріне қатысты мүлдем ядролы қару қолданбайтындығы және бұл аймақта осы қаруға қатысты ешқандай жұмыс жүргізбейтіндігі туралы келісімге қол қойды.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жағдай Орта Азиядағы мәселеге тікелей әсер ететіндігі сөзсіз. Аймақтағы көшбасшылық үшін бәсекелестік жалғасқанымен, сол аймақтың тыныштығы үшін жылы қарым-қатынастарын күрт өзгертпейді дейді мамандар.