Өткен жылы елімізде 36,7 мыңнан астам шетелдік азамат жұмысқа орналасты
Өткен жылы елімізде 36,7 мыңнан астам шетелдік азамат жұмысқа орналасты
8 жыл бұрын 2881 BNews.kz

Өткен жылы жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін шетелдік жұмыс күшін тарту мақсатында 36 мың 792 рет рұқсат берген. 

Олардың ішінде бірінші санатқа жататыны 2 мың 76 болса (басшылар мен олардың орынбасарлары), екінші санатта 7 мың 43 адам (құрылымдық бөлімшелердің басшылары) бар. ШЖК тартуға рұқсаттың негізгі бөлігі үшінші (мамандар, 16 мың 811 адам) және төртінші (біліктілікке ие жұмысшылар, 8 мың 542 адам) санаттар бойынша жасалған.

Өткен жылы шетелдік жұмыс күшін шақырған 3 мың 768 жұмыс берушіде 470 мың 398 қазақстандық азамат жұмыс істеп, бұл еңбеккерлердің жалпы санының 94 пайызын құраған.

Еңбек мигранттары келген елдердің ішінде ең алдымен Қытай (12 мың 699 адам), Түркия (3 мың 502 адам), Өзбекстан (1 мың 564 адам), Ұлыбритания (1 мың 474 адам) және Үндістан (1 мың 388 адам) мемлекеттері көзге түседі.

2016 жылы ШЖК тартқан жұмыс берушілерде Қазақстан азаматтарына 16 мың 259 жұмыс орны құрылып, кәсіби дайындық пен қайта даярлықтан 1 мың 340 қазақстандық азамат өткен. Сонымен қатар, 5 мың 427 жергілікті жұмысшы мен 11 шетелдік маманның орнын қазақстандық кадрлар басқан.

Еске сала кетейік, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін тартудың жаңа жеңілдетілген тәртібі енгізілді. Бұған сәйкес, жұмыс рұқсаттарын беру мерзімі қысқартылып, жұмыс берушілерге қатысты әкімшілік талаптар алынып тасталды.

Аталған шарттардан босаған жұмыс берушілер, енді салық алымдарын төлеуі тиіс. Салық көлемі шетелдік жұмыс күшінің санаты мен сала сипатына қарай, 137-250 АЕК арасында белгіленеді, яғни 290 бен 530 мың теңге шегінде болады.

Дегенмен, жұмыс берушілерге кадрдағы жергілікті құрамға байланысты қағидаларды сақтау талабы бұрынғыша басшылар мен олардың орынбасарларында кем дегенде 70%, мамандар мен біліктілікке ие жұмысшыларда кем дегенде 90% болып қала береді.

0 пікір
Мұрағат