Оралмандарға құжат беру жеңілдетілмек
|
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев есеп беру кездесуінде жақын уақытта оралмандарға бүкіл құжаттарын бір жерге тапсырып, бір жерден алу мүмкін болатынын айтты. Бұл жайында bag.kz ақпарат көзі хабар таратты.
Есеп беру кездесуінде «Атажұрт» қоғамдық қоры директорының орынбасары оралмандар мәселесін көтеріп, олардың елге келген соң Қазақстан азаматтығын алу үшін 8 мекеме арасында шамамен 3-6 ай аралығында жүгіріп жүріп, құжаттарын бітіретінін айтты.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі бұл мәселені министрлік қарастырып жатқанын айтты.
«Кезінде миграциялық ХҚКО аштық. Ол шетелден келген азаматттарға «бір терезе» қағидасымен бүкіл мемлекеттік қызметті алуға мүмкіндік береді. Ал өзіміздің қандастарымызға мұндай мүмкіндік жоқ. Осы мәселені қолға алып, «бір терезе» қағидасы бойынша елге қайтып келеміз деген қандастарымыз бір жерден бүкіл құжаттарын тапсырып, бүкіл құжаттарын алуға мүмкіндік беру мәселесін біз қарастырып жатырмыз. Биыл осы жұмысты бітіреміз. Оның салтанатты ашылуына өздеріңізді шақырамыз», - деді Абаев.