Оралдық бағбан жүзімнің 80-ге жуық түрін өсіріп отыр (видео)
|
Оралдық тұрғын жүзім өсіруді қолға алды. Бағбанның 4 жыл бұрын отырғызған көшеттері биыл жеміс бере бастаған. Алғашқы өнімді туған-туыс, дос-жаранға таратып беріпті. Болашақта алма ағашын өсіруді қолға алмақшы. Ол үшін тіпті 5 гектар жер де алған. Оралдық кәсіпкер Қайрат Кәрімов жүзім өсірумен 2012 жылы айналыса бастапты. Бастапқыда он екі түрін ексе, қазір оның бақшасында жүзімнің 80-ге жуық сұрыпы жайқалып өсіп тұр. Олар биыл жеміс бере бастады. Жиналған өнімнің дәмі тіл үйіреді. Қайрат Кәрімов, кәсіпкер: - Негізі біздің жерде ексе шығатынына көздеріміз жетіп тұр. Бәрі дәмді, бәрі жақсы. Жылы жақтардағы жүзімдерден қалмайды деп ойлаймын. Еңбектенсең, шығатын зат қой. Оралдың жері – шыбық шаншысаң, жайқалып өсетін өте құнарлы жер. Алдымен саяжайына отырғызып көріп, жүзімнің қай-қай түрі де тез жерсінетіндігіне көз жеткізген кәсіпкер Шаған өзенінің жағасынан 5 гектар жер алған. Оның тең жартысына жүзім өсіріп, қалғанын алма баққа айналдырмақшы. Ол үшін көршілес Ресейден 378 түп алма көшетін алғызды. Оған бұл істе атақты селекционер Сергей Исаевтың қызы Ирина Исаева көмектесуде. Қайрат Кәрімов, кәсіпкер: - Сергей Ивановичтің бізде барлық коллекциясы бар. 21 сорт. Жалпы барлығы әкеп қойған 90 сорттайы бар. Сол 90 сортты бір 150 сортқа дейін апарғымыз келеді. Алманы болсын, жүзімді болсын, 150 сортқа дейін апарып, как сұрыпты сынақ ретінде қарағымыз келеді. Кәсіпкер әрбір істің өзіндік қиыншылықтары болатынын айтуда. Дегенмен, Жер-ана ерінбей еңбек ете білген жанның ырыздығын арттырып, несібесін молайта түседі. «Мен бірер жылдан соң бұл жердің мәуелі баққа айналарына сенімдімін. Сол үшін бар күш-жігерімізді салатын боламыз», – дейді Қайрат Кәрімов.