Оқушылар сырқатқа шалдыққан сыныптасы үшін салтанатты шарадан бас тартты (видео)
Оқушылар сырқатқа шалдыққан сыныптасы үшін салтанатты шарадан бас тартты (видео)
9 жыл бұрын 3453 khabar.kz Д.Талғатұлы, С.Қоңырбаев

Мектеппен қоштасу кешіне жинаған ақшаны оқушылар қан ауруына шалдыққан сыныптасының ем-домына аударды. Назарбаев зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы Темірлан Мырзағалиев бүгінде Оңтүстік Кореяда емделіп жатыр.  Мектеп ұжымы да оқушының тағдырына бей-жай қарамай, өз еріктерімен бір күндік жалақысын қайырымдылыққа бағыттады.  Темірлан Мырзағалиевті емдеу үшін оңтүстіккореялық дәрігерлер: «160 мың доллар көлемінде ақша қажет», – деген. Оны мамырдың біріне дейін жинау керек. Осыны естіген сыныптастары ойланбастан мектеппен қоштасу кешіне жиналған азын-аулақ қаржыны Темірланның есеп-шотына аударды. Жәния Әбдімаш, Темірланның сыныптасы -Сол сәтте ақша өте тез керек болды. Және мектеп бітіру кешіне жиналған ақшамыз дайын болған. Сондықтан біз оны тез бере салуға шештік. Темірлан келгенде біз бәріміз бір жерге барып, өте жақсы уақыт өткіземіз деген сенімдеміз.  Мұғалімдер қауымы да болашағынан зор үміт күтіп отырған оқушыны тағдырдың тәлкегіне тастамай, бір күндік жалақыларын Темірланның есеп-шотына аударды. Мейрам Жәкенов, физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры -100 мың доллардан артық жинап, оның барлығын сол баланың шотына жіберіп үлгердік. Әрине түгел мектептерге, әсіресе біздің осы басқарушы ұйымымызға үлкен алғысымызды айтамыз. Биыл мектеп бітіретін Темірланға бүгінде АҚШ-тың 3 және Ұлыбританияның 2 жоғары оқу орнынан ұсыныс түскен. Мектеп басшылығының айтуынша, бұл университеттердің бәрі де қазақ баласына демеу болуға дайын. Мектепте Темірланға сабақ беретін шетелдік мұғалімдер оның алғыр оқушы екенін айтады. Джон Зенмани, мектеп директорының орынбасары -Көптеген мұғалімдер Темірланды бұрыннан таниды. Осындай ауыр жағдайды естіген кезде олар игі бастама көтеріп, қол ұшын беруге ниетті екендіктерін жеткізді. Бәріміз бірден қолдау көрсетіп, мүмкіндігімізше ем-домға қаржы жинадық. Тез сауығып кетсе екен. Сеул қаласында ем алып жатқан Темірлан мектебінің бұл қолдауын біледі. Сондықтан арнайы сәлемдеме жолдап, үлкен алғысын білдірген. Ал мынау оның өткен жылдың күзінде телеарнаға берген сұхбаты. Темірлан Мырзағалиев, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы -Мен Назарбаев университетіне немесе шетелдің бір жоғары оқу орнына түскім келеді. Инженер мамандығын таңдайтын шығармын. Мектепте мені физика мен химия пәндері қызықтырады.  Сыныптастары қажетті соманы жинау үшін қайырымдылық шараларын жиі өткізіп, одан түскен қаржыны Темірланның туыстарына жеткізуде. Алдағы күндері Астанадағы сауда орындарының бірінде оқушылар концерт беріп, арнайы көрме өткізуді көздеп отыр. Бүгінде бұл шараға балалар жаппай дайындалуда. «Ең бастысы, Темірлан тез сауығып, ортамызға оралса екен», –  дейді жанашыр достары.

 

1 пікір
Мұрағат