Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударғандарға коттедж беріледі
|
Қызылжар өңірінде еліміздің оңтүстік аймақтарынан теріскейге қоныс аударушыларға арналған 3 мың коттедж салынбақ. Жаңа баспаналар инфрақұрылымы жақсы дамыған елді-мекендерде бой көтереді. Бұл жөнінде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов мәлімдеді.
Соңғы жылдары Қызылжар өңіріне еліміздің оңтүстік облыстарынан жеті жүз отбасы, яғни 3 мың адам көшіп келген. Тек жыл басынан бері Солтүстік Қазақстанға 1,5 мың адам қоныс аударып үлгерген. Облыс әлі де агроном, мұғалім, дәрігер сынды мамандарды қабылдап, баспанамен қамтамасыз етуге дайын. Дегенмен, қоныс аударушыларға қойылатын талаптар да бар.
«Бізге көшіп келетіндерге қояр бірнеше талабымыз бар. Әр отбасында кемінде 3 немесе 4 баладан болуы керек. Бүгінгі еңбек нарығында сұранысқа ие мамандық иелерін шақырамыз. Агроном, мұғалім, тракторшы, комбайншы, дәрігер сынды мамандарды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етеміз. Балаларға арналған мектеп пен балабақша дайын. Осы талаптарға сай болса, әр отбасына жаңа салынған коттедждің кілтін табыс етеміз», - деді Құмар Ақсақалов журналистерге берген сұхбатында.
Сондай-ақ, басқа мемлекеттік бағдарламала аясында көшіп келгендерге де, көтермеақы төленбек. Егер отбасы басқа үй сатып алса немесе жалдаса, мемлекет 600 мың теңге шығынды қайтарады. Оған қоса, әр отбасыға субсидия төленеді. Мысалы, 5 адамнан тұратын отбасы 450 мың теңге субсидия алады. Биыл Солтүстік Қазақстан облысына оңтүстік өңірлерден 2,5 мың адам көшіп келеді деп күтілуде.