Оңтүстік қазақстандық қос кәсіпкер 100 отбасыға қайырымдылық жасады
Оңтүстік қазақстандық қос кәсіпкер 100 отбасыға қайырымдылық жасады
9 жыл бұрын 3334 otyrar.kz

Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданында екі кәсіпкер әлеуметтік жағдайы төмен 100 отбасыға 1 айға жететін азық-түлік үлестірді. Медет Тайманов пен Нұржан Абдубайтов мұнымен шектелмей, қайырымдылық сайтын ашуды жоспарлап отыр. Онда қайырымдылыққа кімнің қанша ақша аударғанынан бастап, ол қаражаттың қалай жұмсалғанына дейін көрініп тұратын болады. Осылайша қос кәсіпкер елдегі әлеуметтік проблемаларды біршама шешуді көздеуде.

– Менiңше, iзгiлiк пен жомарттық – адамның бойындағы ең жақсы қасиеттер. Бала кезiмiзден ата-анамыз бiздi жан-жағымыздағы адамдарға мейiрiмдi болуға, қиын жағдайға тап болғандарға көмектесуге, кiмге де болса қолдан келгенше қамқорлық жасауға үйретiп, өнегелi тәрбие бердi. Бiз Нұржан екеумiз 2009 жылдан берi кәсiпкерлiкпен айналысып келемiз. Алғашқыда көтерме саудамен айналыстық. Қазiр оған қосымша ғаламторда сайттар ашып, сонда қызмет көрсетемiз және интернеттегi жарнамамен де айналысамыз. Бұрындары жекелеген адамдарға көмектесiп жүргенбiз. Ал, 100 отбасыға көмек көрсету – бiздiң алғашқы ауқымды қайырымдылық шарамыз, – дейдi Медет Тойлыбайұлы.

Бала күннен бiрге өскен қос бизнесмен бiр күнi ғаламтордан тауарды өзiндiк құнымен сататын қытайлық компания туралы оқыпты. Мыңдаған жұмысшысы бар кәсiпорын қожайыны бұл бизнесiнен бiр тиын да пайда таппайтын көрiнедi. Бар ойы жұмысшыларына жақсы жалақы төлеп, тұтынушыға арзан тауар ұсыну екен.

– Бiз мұсылманбыз ғой. Бiрақ, бiздiң елде қайсы кәсiпкер тап солай халықтың қамын ойлап жүр?! Тектi, дархан мiнездi, кеңпейiл халықтың өкiлi бола тұрып, неге қытай кәсiпкерiнiң iзгiлiгi мен жомарттығын қайталай алмаймыз деп ойладық. Содан берi бiз де мыңдаған жерлесiмiзге жұмыс берудi, қолымыздан келгенше қайырымдылықпен айналысуды өмiрлiк мақсат етiп алдық. Жалған дүниеде бәрi өткiншi. Бәлкiм, кiм бiледi, ертең бiз де кедей болып, көмектескен адамдарымыздың арасынан бiреуi байып кетер. Сол кезде ол адам бiзге қол ұшын созар. Бүгiнгi қайырымдылық шарасы бiздiң алғашқы қадамымыз. Ендiгi жерде осындай қайырымдылық акциясын әр 3 ай сайын өткiзуге ниет етiп отырмыз, – дейдi М.Тайманов.

Отызға ендi толған жас кәсiпкерлердiң ата-аналары Жетiсай қаласында кеңестiк кезеңде салынған қарапайым төрт бөлмелi үйде тұрады екен. Олардың көздегенi баю болса, алдымен отбасына зәулiм үй салып берер едi. Бiрақ бұл жiгiттер байлық жиюды емес, халықтың алғысын алуды көздейдi.

– Шынын айтқанда, бизнес әлемiнде бiз қазiр ешкiм емеспiз. Бiздi он, тiптi, жүз орап алатын кәсiпкерлер бар. Солардың барлығы жұртқа көмектессе, ешкiм далада қалмас едi. Сол себептi интернетте арнайы қайырымдылық сайтын ашпақпыз. Оған өзiмiз сияқты жас кәсiпкерлердi тартамыз. Сайтта кiмнiң қанша ақша салғаны, оның қандай есепшотта жинақталып жатқаны, кiмдерге қандай көмек көрсетiлгенi туралы онлайн-ақпарат жарияланып тұрады. Қаржының басқа мақсатқа жұмсалмағанын дәлелдейтiн фото және бейне айғақтар мен тиiстi құжаттарды да жариялаймыз. Халқымыз «Көп түкiрсе, көл болар» дейдi емес пе?! Қазақтың жас бизнесмендерiнiң басын қоссақ, мыңдаған адамға көмек көрсете аламыз, – дейдi Н.Абдубайтов.

Айта кетейік, бүгiнде Мақтаарал ауданының өзiнде 8 мыңнан астам I және II топ мүгедегi мен әлеуметтiк тұрғыдан аз қамтамасыз етiлген 6200-дей отбасы бар. Қайырымдылық акциясы аясында әлеуметтiк жағдайы төмен 100 отбасыға 1 айға молынан жететiн азық-түлiк таратылды.

1 пікір
Мұрағат