Оңтүстік Қазақстанда тегін тауар дүкені ашылды (ВИДЕО)
Оңтүстік Қазақстанда тегін тауар дүкені ашылды (ВИДЕО)
8 жыл бұрын 5840 24.kz

Оңтүстік Қазақстан облысында ерекше дүкен жұмыс істейді. Бұл дүкенде киім-кешек пенсөредегі азық-түлік өнімдері тұтынушыларына тегін үлестіріледі. Бір асым еттен бастап тәттілерге дейін салынған себет аз қамтылған отбасы мүшелері мен жалғыз басты қарттарға беріледі. Төле-би ауданындағы «Барлығы да рахмет үшін» деген дүкенге бұл заттарды қолы ашық жомарт жандар тегін әкеліп береді. Ондағы тауарлардың барлығы сауап үшін тегін таратылады. Бастамашыл топтың ұсынысын Сәуле апай бірден қолдаған. Тіпті, ғимаратының жартысын тегін беріпті. Жасы егде тартса да еңбектен мұқалмаған кәсіпкер «пайдамен қатар жұртқа титтей де болса шарапатың тисе, нағыз сауап сол», - дейді. Көпшіліктің қолдауымен жүзеге асқан шараға үн қосушылар қатары күн санап артып келеді екен. Тіпті, жан-жақтан желі арқылы да ұсыныстар түскен. «Бастысы, қамығып жүрген көпшіліктің жүзіндегі қуанышты көру сауапты іс»- дейді бастамашыл топ. Әзірге дүкен күніне бірнеше сағат қана жұмыс істейді. Болашақта жаны жомарт жандар табылып жатса, Шымкенттен де дәл осындай дүкен ашылмақ.

1 пікір
Мұрағат