Онкологиялық дертке шалдыққандарды зиярат етті
|
Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) «Кімде-кім бір науқастың көңілін сұрап барса, қайтқанға дейін жәннат бақшасының арасында болады» деген.
(Мүслим, Тирмизи, И.Ахмед)
Қасиетті Рамазан айы құрметіне игі істер легі жалғасын табуда. Корпоративтік "Зекет" қорының Астана қаласы өкілдігі елордамыздың Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында онкологиялық дерттерден ем қабылдап жатқан балаларды зиярат етті. Кішкентайлардың көңілін сұрап, базарлықтарын табыстады.
Ауыр дерттің кесірінен ерте есейіп, көздерін мұң шалған балақайлар қызылды-жасылды шарларды көріп, жайнап шыға келді. Қуаныштарын жасыра алмай, көңілдері босаған аналары да ризашылықтарын білдіріп жатты.
Балалардың сауығып кетуіне позитив эмоциялар, көтеріңкі көңіл күй өте маңызды екенін емдеуші дәрігерлер ерекше атап өтті. Сол себеп, мүмкіншілік болса жиірек зиярат етіп, сәл болса да ауруханадағы ауыр күндерінің жеңілдеуіне үлес қосуға шақырды.
Балалардың дерттен құлан-таза айығып, тезірек жазылып кетуіне тілектеспіз.
"Зекет" қоры.
Баспасөз қызметі