Ойыншық тапаншамен кісі тонаушы қолға түсті
Ойыншық тапаншамен кісі тонаушы қолға түсті
10 жыл бұрын 4112

Актау қаласында бомж 23 жастағы бойжеткенді ойыншық тапаншамен тонаған. Бұл жайында «Лада» тілшісіне құқық қорғау органының қызметкері айтып берген. Осыдан бірнеше күн бұрын орын алған оқиғаның мән-жайы қалай өрбіген еді? Бейтаныс біреу бойжеткенге жүгіріп келіп, ойыншық тапаншаның оқпанын оның самайына тақап, ақша талап еткен. Қапелімде мұндай күйге ұшыраймын деп ойламаған бойжеткен бар ақшасын бомжға ұстата салады. Сол сол-ақ екен, ақша қолына тиген бомж алды-артына қарамай безе жөнеледі. Жәбірленуші дереу полицияға шағымданады. Тәртіп сақшылары күдіктіні ізін суытпай қолға түсіреді. Күдікті кім болып шыққан дейсіз ғой? Нақты тұрғылықты жері жоқ 29 жастағы ер адам. Қылмыс орын алған жерді тексергенде ойыншық тапанша табылады әрі ондағы саусақ ізі күдіктінің саусақ ізімен сәйкес келеді. Артынан белгілі болғандай, ойыншық тапаншаны бомж балалардан ұрлап алған екен. Күдікті қазіргі уақытта уақытша оқшаулау камерасында жатыр. Оған «кісі тонау» бабы бойынша айып тағылып отыр. Полиция қызметкерлері бір-екі мың теңге үшін оған үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесілуі мүмкін екенін айтып отыр.

0 пікір
Мұрағат