Неге қытайлар ЭКСПО-2017 көрмесіне тегін кіреді?
|
Қазақстанға ұлттық әуе тасымалдаушының ұшағымен келетін қытайлық туристер ЭКСПО-2017 көрмесіне тегін кіре алады. Бұл туралы Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев мәлімдеді, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА Қытайдағы меншікті тілшісі. «Air Astana» компаниясының әуе билеттерін сатып алған қытайлық туристер пайдаланылған әуе билеттерін ЭКСПО-2017 көрмесінің билетіне айырбастай алады. Одан бөлек, біздің елшіліктің консулдық бөлімі туристік мақсатта, соның ішінде ЭКСПО-2017 көру үшін Қазақстанға барғысы келгендер үшін арнайы терезе ашады», - деді ол ЭКСПО-2017 қытайлық павильонды таныстыру барысында. Дипломат 2015 жылдың желтоқсан айында Қытай азаматтарының Қазақстанға топтық сапарын оңтайландыру туралы Қазақстан мен Қытай арасында меморандумға қол қойылғанын еске салды. Аталған меморандумға сәйкес, Қазақстанның туристік компаниясы рәсімдейтін визалық қолдауы бар қытайлық туристік топтарға виза 5 жұмыс күні ішінде дайын болады және жеке қатысуды талап етпейді. «Қазіргі уақытта Қазақстандағы Қытай туризмі жылы аясында шаралар жоспары құрылып жатыр. Қазақстанның 60-тан астам туристік компаниясы қытайлық туристік топтарды қабылдау құқығын алды. Әзірге олар қызмет көрсету саласындағы қытай тілін білетін әкімшілерді дайындайтын «China Friendly» бағдарламасы аясында қытай тілін меңгерген мамандарды жинақтауда», - деді Ш.Нұрышев. Елшінің айтуынша, қазақстандық тарап ЭКСПО-2017 қатысты 60-тан астам туристік бағыт әзірледі. «Қазақстан халық банкі «UnionPay» төлем жүйесімен келісім орнатты, сәйкесінше аталған банк банкоматтары «UnionPay» банк карталарын қабылдай алады және қытайлық клиенттерге қытай тілінде қызмет көрсете алады», - деп еске салды Қытайдағы ҚР елшісі.