Мүлік пен жер салығы біріктірілетін болды. Жер, мүлік және көлік салықтары бойынша жеңілдіктер кімге жасалады
Мүлік пен жер салығы біріктірілетін болды. Жер, мүлік және көлік салықтары бойынша жеңілдіктер кімге жасалады
5 жыл бұрын 3696

Жеке тұлғалардың мүлкі мен жеріне салынатын салықтарды біріктіру ұсынылды. Бұл жайында baq.kz ақпарат көзі хабарлады. 

Бүгін Парламент Мәжілісінде ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Тәкиев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу және инвестициялық ахуалды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы таныстырды. 

Жеке тұлғалардың мүлкі мен жеріне салынатын салықтардың салық элементтерін өзгертпестен бір салыққа біріктіру ұсынылады.  Яғни, 2 салық бір төлеммен төленеді.  Бұл түбіртектерді толтыру және банктік комиссияларды төлеу шығындарын азайтады, - деді Мәди Такиев.

Оның айтуынша, көп пәтерлі үйлердің иелері үшін жер салығын алып тастау ұсынылып отыр.  

Бұл салықтың мөлшеріне, есептеу күрделілігіне және әкімшілік шығындарға байланысты. Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін көлік салығын төлеу мерзімін ауыстыруды ойластырып жатырмыз. Қазір салық жыл соңына дейін төленеді. Енді келесі жылдың 1 сәуіріне дейін төлеу ұсынылады, - деді вице-министр.

Жеке тұлғалар үшін тағы бір өзгеріс - сатып алу үшін есептелген бонустарға салық салуды алып тастау туралы ұсыныс.  

Азаматтық-құқықтық келісімшарттар бойынша жеке табыс салығын есептеу кезінде міндетті зейнетақы жарналарының мөлшерін шегеру қарастырылмаған. Қосарланған салық салуды алып тастау және жою тәртібін нақтылау ұсынылады, - деп түйіндеді Мәди Тәкиев.

Жер, мүлік және көлік салықтары бойынша жеңілдіктер кімге жасалады

Азаматтардың кейбір санатына салықтың аталған түрлері бойынша жеңілдіктер қарастырылған.

Бұл жайында кезінде Zakon.kz ақпарат көзі хабарлаған еді ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап. 

Естеріңізге сала кетейік, қолданыстағы заңнамаға сәйкес жеке тұлғалар үшін салықтың аталған түрлері бойынша жеңілдіктерге үміттене алатын азаматтардың санаттары бар.

Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес, жер салығынан босатылған тұлғалар:

• Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша соларға теңестiрiлген адамдар;
• Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мінсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағы ордендерiмен және медальдарымен наградталған адамдар;
• 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және ҰОС жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мінсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағы ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдар;
• мүгедектер, сондай-ақ бала жасынан мүгедектiң, мүгедек балалардың ата-анасының бipeуi;
• жетім балалар және кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар: тұрғын-үй қоры, оның iшiнде, оның жанындағы құрылыстар мен ғимараттар алып жатқан жер учаскелерi; үй маңындағы жер учаскелерi; құрылыс алып жатқан жердi қоса алғанда, жеке (қосалқы) үй шаруашылығын жүргiзу, бағбандық және саяжай құрылысы үшiн берiлген жер учаскелерi; гараждар орналасқан жер учаскелерi бойынша.
• “Батыр ана” атағына ие болған, “Алтын алқа” алқасымен наградталған көп балалы аналар: тұрғын үй қоры, оның iшiнде оның жанындағы құрылыстар мен ғимараттар алып жатқан жер учаскелерi; үй маңындағы жер учаскелерi бойынша;
• жеке тұратын зейнеткерлер: тұрғын үй қоры, оның iшiнде оның жанындағы құрылыстар мен ғимараттар алып жатқан жер учаскелерi; үй маңындағы жер учаскелерi бойынша.

Жеке тұлғалардың мүлiк салығынан босатылғандар:

• Кеңес Одағының Батырлары, Социалистiк Еңбек Ерлерi, “Халық қаhарманы”, “Қазақстанның Еңбек Ері” атақтарына ие болған,
• үш дәрежелi Даңқ орденiмен және “Отан” орденiмен наградталған тұлғалар,
• “Батыр ана” атағына ие болған,
• “Алтын алқа” алқасымен наградталған көп балалы аналар,
• бөлек тұратын зейнеткерлер – меншiк құқығындағы барлық салық салу объектiсінiң жалпы құнынан республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткiштің 1000 еселенген мөлшері шегiнде;

• Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша оларға теңестірілген адамдар,
• Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдар,
• мүгедектер – меншік құқығындағы барлық салық салу объектісінің жалпы құнынан республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және тиiстi қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1 500 еселенген мөлшері шегінде;

• жетім балалар және 18 жасқа толғанға дейінгі кезеңге ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар.

Көлік құралы салығынан босатылған жеке тұлғалар: 

• Ұлы Отан соғысының қатысушылары және мүгедектері және жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша оларға теңестiрiлетiн адамдар,
• Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мінсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағы ордендерiмен және медальдарымен наградталған адамдар, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мінсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағы ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдар,
• Кеңес Одағының Батырлары мен Социалистiк Еңбек Ерлерi, “Халық қаhарманы”, “Қазақстанның Еңбек Ері” атақтарына ие болған, үш дәрежелі Даңқ орденiмен және “Отан” орденiмен наградталған адамдар,
• “Батыр ана” атағына ие болған немесе “Алтын алқа” не “Күмiс алқа” алқаларымен наградталған көп балалы аналар – салық салу объектiсi болып табылатын бiр автокөлiк құралы бойынша;

• меншiгiнде мотоколяскалары мен автомобильдерi бар мүгедектер – салық салу объектiсi болып табылатын бiр автокөлiк құралы бойынша.

Бірақ айту керек, бұндай ережелерін қолдану құқығы бар жеке тұлғаның оларда көрсетілген бір немесе бірнеше санаттарға жататынына-жатпайтынына қарамастан, салықтық кезең ішінде бiр автокөлiк құралы бойынша (қозғалтқышының көлемі 4000 текше сантиметрден асатын, оған қатысты 2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін уәкілетті мемлекеттік органда көлік құралының меншік иесінің ауысуына байланысты тіркеу әрекеттері жүргізілген жеңіл автомобильден басқа) қолданылады.

Сонымен қатар, жоғарыда аталған жеңілдіктер тиісті уәкілдік берілген мемлекеттік органдардың мағлұматтары негізінде қолданылады.

Бұдан бөлек, босату құқығы осы құқық пайда болған айдың бірінші күнінен бастап қолданылатынын қосымша хабарлаймыз.

0 пікір
Мұрағат