|
Мүгедектігі бар балалардың үйде оқыту шығындарын өтеу тәртібі жаңартылады. Қант диабеті: балалардың мүгедектігі сақтала ма?
|
KAZINFORM — Бұдан былай мүгедектігі бар балалардың үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу қызметі проактивті түрде көрсетіледі, деп хабарлайды Еңбекмині баспасөз қызметі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу» мемлекеттік қызметін көрсетудің Қағидаларына өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. Тиісті бұйрық жобасы туралы ақпарат «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
— Жаңа енгізілімдер бірыңғай деректер жинау форматын енгізуге, қағазбастылықты жоюға және қызмет көрсетудің ашықтығын арттыруға, сондай-ақ оны проактивті форматқа көшіруге мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.
Бұйрық жобасына сәйкес өзгерістер келесі құжаттарға енгізіледі:
«Әлеуметтік-еңбек саласында мемлекеттік қызметтерді көрсетудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2021 жылғы 25 наурыздағы № 84 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» бұйрық;
«Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеуді тағайындау және төлеу туралы есеп» әкімшілік деректерін жинауға арналған нысанды бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 жылғы 19 қаңтардағы № 28 бұйрығы.
Бұйрық жобасы туралы ақпарат 2025 жылдың 1 желтоқсанына дейін қоғамдық талқылау үшін «Ашық НҚА» интернет-порталында орналастырылған.
Бұдан бұрын мүгедектікті белгілеу бойынша 89 мыңнан астам өтінім сырттай форматта қаралғанын жазғанбыз.
Айнұр Тумакбаева
Қант диабеті: балалардың мүгедектігі сақтала ма?
Елімізде бес мыңнан астам бала бірінші типтегі қант диабетіне шалдыққан, деп хабарлады 24.kz
Денсаулық сақтау жүйесіндегі өзгерістерге сәйкес, енді олар кәмелеттік жасқа толған соң мүгедектігінен айырылуы мүмкін. Құзырлы ведомство мұндай балалар қолдаусыз қалмайды деп отыр. Дегенмен, ата-аналар қауымын алаңдататын түйткіл бар. Ол нендей мәселе?
- Мынау мынаған жалғасып, мынау баланың денесіне жабыстырылады. Бұның өзі 60 мыңға жуық тұрады.
Гүлбаршын Құрманованың жасөспірім баласы қант диабетімен ауырады. Жеткіншектің дәрісіз күні жоқ. Әзірге мемлекет есебінен қажеттінің бәрін тегін алып отыр. Жалпы препараттардан бөлек инсулин енгізуге арналған құралдардың бағасы арзан емес. Сондықтан диабеттің әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінен алынып тасталғанын ауыр қабылдадық, дейді Гүлбаршын ханым. Әсіресе, 18-ге толған соң баласы мүгедектіктен айырылатынын естігенде қатты қапаланды.
Гүлбаршын Құрманова, қала тұрғыны: - Өзімнің балам 14 жаста. Төрт жылдан кейін бұл мәселе маған да қатысты болады. Өйткені, жаңағы колледж оқыса да, ЖОО-да оқыса да 4 жыл уақыт керек. 4 жылға дейін ол не істейді? Бұл заттарды қалай алады?
Осы сауалды денсаулық сақтау вице-министріне жолдадық. Ержан Нұрлыбаев алаңдауға негіз жоғын айтады.
Ержан Нұрлыбаев, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі: - Кәмелетке толған соң орта немесе жоғары оқу орнына түсіп, студент атанады. Сол кезде бірден әлеуметтік осал тобына кіреді. Яғни, мемлекеттің қолдауына ие болып, керек дәрісін тегін ала береді. Ал оқу бітірген соң жұмысқа тұрады. Сөйтіп, жұмыс беруші немесе өзі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне төлем жасайды.
Сақтандыру мәртебесі болмаса диабетпен ауыратындар ай сайын МӘМС жүйесіне 4250 теңге төлеп, тиісті дәрісі мен медициналық талдауға қол жеткізе алады. Бірақ, диабеті барлар кез келген жұмысқа тұра алмайды. Осы қарама-қайшылық ата-аналардың алаңдауына негіз болып отыр.
Руслан Зәкиев, "Диабеттік ата-аналарының комитеті" қоғамдық қорының директоры: - Қант диабеті барлар кейде қалаған жұмысына тұра алмайды. Мысалы, құқық қорғау сияқты күштік құрылымдарға, прокуратура, сот, спорт саласында еңбек ете алмайды. Тіпті, Балет академиясы да диабеті барларды жұмысқа қабылдамайды. Сөйте тұра, мемлекет енді балаларды мүгедектігінен айырғалы отыр. Меніңше, құзырлы органдар алдымен осы мәселені өзара талқылауы тиіс еді. Жалпы мүгедектік мәселесін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қарастырмаушы ма еді?
Сондықтан қант диабетін қайтадан тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне енгізген жөн немесе, мүгедектік мәселесін қайта қарау керек, дейді қоғамдық қор басшысы. Руслан Зәкиев қазір осы мәселеге қатысты денсаулық сақтау министрлігімен келіссөздер жүргізіп жатқанын жеткізді.
Ержан Нұрлыбаев, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі: - Диабеті бар бір пациентке орта есеппен 500-600 мың теңге кетеді. Ал егер оның денсаулығы сыр беріп, жағдайы асқынса онда ауруханаға жатқызылып, ем-дом қабылдайды. Бұл кезде шығын еселенетіні белгілі. Сақтандыру есебінен толығып отыратын медициналық сақтандыру қорындағы қаржы жеткілікті. Бұл қаражат диабет сияқты ауруларды емдеуге қажетті заманауи дәрі-дәрмектерді алуға жетеді.
Он жыл бұрын 1200 бала бірінші типтегі қант диабетімен ауырған еді. Бүгінде бұл диагноз 5 мыңнан астам жеткіншекке қойылған. Мамандар науқастар саны азаятынына күмәнмен қарайды. Дегенмен, мәселенің оң шешімі табылады деген үмітте.
Бақыт Топтаева, Гүлнар Тұрсынова, Руслан Әлиев
Жетісайлық кәсіпкер мүгедек жандарды тұрақты жұмыспен қамтып отыр
Жетісайлық кәсіпкер арбаға таңылған және есту қабілеті нашар жандарды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Суретші-дизайнер Бақытгүл Нажимованың қоластында қазір 10 адам еңбек етеді. Оның бесеуінің ерекшелігі бар. Олар ұлттық киім тігіп, моншақ тоқиды. Арасында қолөнермен айналысады.
Жасы жетпістен асқан Гүлзина апаның есту қабілеті нашар. Өзі 2-топ мүгедегі. Бірақ, соған қарамастан он саусағынан өнер тамған ісмер. Киімнің неше түрін өзі пішіп, өзі тігеді. Заманауи киімдерге арнап моншақтан түрлі ою-өрнектер тоқиды.
Гүлзина Адасханова, Жетісай қаласының тұрғыны: - Бақтыгүлдің қолында жұмысқа кіріп істегеніме 5 жыл болды. Осында тоқып, тігіп, көптеген өнер көрсетіп келе жатырмын. Мен тігемін, тоқимын бәрін. Менің қасымда жұмыс істейтіндер де баршылық. Ілгекпен тоқимыз, сызып бергенді тоқимыз, қосымша табыс көзі керек қой бізге.
Ал жол апатына түсіп, екі аяғы жүруден қалған Нұржан Сейтеков те осы шеберхананың белді мүшесі. Арбаға таңылып, үйде қарап отырмады. Осында келіп, жұмысқа тұрды. Алғашында ұсақ моншақтардан тоқыма тоқу оңай болмағынын айтады. Әйтсе де машықтанып алды. Қазір дизайнердің сызып берген үлгісіне қарап, түрлі пішіндегі өрнектерді тоқиды.
Нұржан Сейтеков, Жетісай қаласының тұрғыны: - Мысалы өзіміз айлық аламыз. Ал мына бір сетканы тоқып бітірсек бізге қосымша тағы 15-20 мың теңге береді. Бізге жақсы нәрсе ғой бұл. Біз сияқты отырған адамдарға әсіресе, әрі қолымызға күш-қуат береді, әрі ойымызды өсіреді. Тоқыған өзімізге ыңғайлы, жақсы жұмыс болғаны. Келіп жұмысымызды істеп, кетіп жүрген жаймыз бар.
Дизайнер Бақытгүл Нажимова бұл кәсіпті алғаш 2019 жылы "Бастау бизнес" жобасымен 3 млн теңге грант ұтып алғаннан кейін бастаған. Бірнеше тігін машинасын сатып алып, ерекше жандардың үйіне апарып берген. Барлығын өзі үйретіп, машықтандырған. Ендігі арманы ұлттық брендтегі киім тігу.
Бақытгүл Нажимова, кәсіпкер-дизайнер: - Бір-екі жұмысымызды ательеге көрсеттім. Біз осындай қолөнермен айналысамыз, авторлық жұмыс істейміз. Сіздер тігесіздер, кіимдеріңізге біз осындай дизайн жасап береміз, солай жарнама жасадым. Сондан жұмысымыз жүріп кетті. Қазіргі таңда Қазақстан бренді деп киетіндей әдемі, қайталанбас киімдер шығарғымыз келеді. Ерекше кісілердің 80-90 пайызы шығармашылыққа өте бейім болады.
Жандос Жұмабек, тілші: - Түркістан облысында еңбекке қабілетті мүгедектігі бар 64 мыңнан астам адам бар. Өткен 11 айда 4 мыңнан астам осындай азамат жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 1805-сі тұрақты жұмыспен қамтылса, 1198 адам субсидияланатын жұмыс орындарына, 464 «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жолданған. Ал 278 адам қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін ашқан.
Әсел Бекенова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бөлімі басшысының м.а.: - Субсидияланатын жұмыс орындарына, яғни Жастар практикасына, Әлеуметтік жұмыс орындарына, «Алғашқы жұмыс орны» бағыттарына жұмысқа жолданды. Грант алғандардың ішінде басым бөлігі 99 адам тамақтандыру саласы бойынша өз жеке кәсібін ашып, жұмыстарымен айналысуда.
Бұдан бөлек, 202 мекемеге мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту үшін 302 квота бөлген. Бүгінгі күні 297 азамат квота арқылы жұмысқа орналасқан. Мамандар келесі жылы 176 мекеме 256 квота бөлуді жоспарлап отырғанын айтады.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш