Мүгедектер құқына қатысты Конвенцияны ратификациялау мақұлданды
Мүгедектер құқына қатысты Конвенцияны ратификациялау мақұлданды
10 жыл бұрын 3720

Қаңтар айының 21-і күні Baq.kz Парламент Мәжілісінде Палата спикері Қабиболла Жақыповтың жетекшілігімен жалпы отырыс өтіп, онда бірқатар заң жобаларының мақұлданғанын хабарлады. Солардың қатарында «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялау туралы» ҚР Заңының жобасын Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова таныстырған болатын.

- Мүгедектердiң құқықтары туралы конвенцияны БҰҰ Бас ассамблеясы 2006 жылдың 13 желтоқсанында қабылдаған болатын. Адам құқықтары мен негiзгi бостандықтарын мүгедектердiң толық және тең жүзеге асыруын қолдау, қорғау әрi қамтамасыз етуді көздейтін Конвенцияның қағидаттары мынадай болып келеді: қадiр-қасиеттi, дербестiк пен тәуелсiздiктi құрметтеу; кемсiтпеушiлiк; қоғамға толық әрi тиiмдi түрде тартылу мен қосылу; мүгедектердiң ерекшелiктерiн құрметтеу және оларды адами алуантүрлiлiк пен адамзат бөлiгiнiң құрауышы ретiнде қабылдау; мүмкiндiктердiң теңдiгi; қолжетiмдiлiк; еркектер мен әйелдердiң теңдiгi; мүгедек балалардың даму үстiндегi қабiлеттерiн құрметтеу және мүгедек балалардың өз даралығын сақтау құқығын құрметтеу. Сондықтан да Конвенция мүгедектердiң қоғамдағы азаматтық, саяси, экономикалық, әлеуметтiк және мәдени өмiрiне қатысуын қамтамасыз етуге, мүгедектiк белгiсi бойынша кемсiтушiлiктi жоюға, сондай-ақ мүмкiндiктерi шектеулi адамдардың құқықтарын қамтамасыз етудiң тиiмдi құқықтық тетiктерiн жасауға бағытталған, - дедi министр.

Отырыста аталған құжатқа байланысты қосымша баяндама жасаған Хаплықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Оразкүл Асанғазы да сөз алып, депутаттардан заң жобасының мақұлдануын сұрады. Конвенцияға қатысушы мемлекеттер мүгедектiк белгiсі бойынша кез келген кемсiтушiлiкке тыйым салумен қатар, мүгедектердiң кез келген негiздегi кемсiтушiлiктен тең әрi тиiмдi құқықтық қорғалуына кепiлдiк беретіндігін негізге алған халық қалаулылары құжатты бірауыздан мақұлдады.

0 пікір
Мұрағат