Министрлік мемлекеттік қызметкерлерге намаз оқуға тыйым салуға қатысты жауап берді
Министрлік мемлекеттік қызметкерлерге намаз оқуға тыйым салуға қатысты жауап берді
7 жыл бұрын 6408 inform.kz

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арын мемлекеттік қызметкерлерге мешітке баруға, намаз оқуға тыйым салынады деген ақпаратқа қатысты өз пікірімен бөлісті. 

Арынның сөзінше, министрлікке осы және басқа да мәселелер туралы ұсыныстар түсіп жатыр, ол ұсыныстардың арасында мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақытының тәртібін сақтамауына қатысты шағымдар да бар. Әсіресе, азаматтар мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақытында діни ғимараттарға баруының және діни жораларды өтеуінің қаншалықты заңға сәйкес келетініне түсінік беруді сұраған сауалдар көп.

«Еліміздің Конституциясына сәйкес әр азаматтың ар-ұждан бостандығына кепілдік беріледі. Дегенмен, біз мемлекеттік қызметтің бұл салада жұмыс істейтіндерге бірқатар шектеу қоятынын ұмытпауымыз керек. Мемлекеттік қызметке келместен бұрын адам мұндай шектеулермен келіседі. Әрине, бұл түсінікті, өйткені, мемлекеттік қызметші, ең алдымен, өзінің тікелей лауазымдық міндеттерін орындауы керек. Мәселен, жұмыс уақытында азаматтарды қорғауға немесе қызмет атқаруға міндетті әскери қызметкер немесе полицей діни іс-шараға қалай қатысады?», - деді вице-министр.

Сонымен қатар, оның айтуынша, мемлекеттік қызметшілердің діни ұйымдар қызметіне қатысуына байланысты шектеулер 2015 жылы бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінде бар екенін еске салды.

«Екіншіден, бұл ұсыныс барлық дінге сенушіге емес, тек мемлекеттік қызметкерлерге және тек жұмыс уақытына ғана қатысты. Сондай-ақ, бұл мәселе мұсылмандарға ғана емес, діни сеніміне қатыстылығына қарамастан барлық мемлекеттік қызметшілерге қатысты. Үшіншіден, мұндай шектеулер мемлекеттік қызметшілердің діни сенім құқығын таптамайды. Әрбір азамат, оның ішінде, мемлекеттік қызметкер құдайға сенуге немесе сенбеуге құқылы. Бірақ, діни сенімді орындаумен байланысты практикалық әрекеттер басқа азаматтарға және мемлекеттік қызметке кері әсерін тигізбеуі қажет», - деді Д.Арын.

Сөз соңында ол, бұл ұсыныстар мен түзетулер әлі де болса талқылану үстінде екендігін және бұл туралы түбегейлі шешім әлі қабылданбағандығын мәлім етті.

0 пікір
Мұрағат