Министр: Намазxаналарда дәрет алатын жер міндетті түрде болуы қажет
Министр: Намазxаналарда дәрет алатын жер міндетті түрде болуы қажет
8 жыл бұрын 10097 Арман Асқаров

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың айтуынша, қоғамдық орындарда намазxаналарды ашуға әлі рұқсат ресми түрде берілген жоқ. Ал ол рұқсат енгізілгенде намазxаналар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай болуы шарт.

«Әуежайларда, теміржол және автовокзалдарда намазxаналарды ашу туралы тыйымды енді ғана алып тастайын деп отыр. Бірақ ресми түрде оны әлі алып тастаған жоқ. Тыйымды алып тастағаннан кейін ол нысандардың иелері өздері шешім қабылдайтын болады. Біз оларға қысым көрсете алмаймыз. Өздері шешсе, қаржы жағдайлары жетсе, өздері мүдделі болса, намазxананы аша алады. Сосын намазxана белгілі талаптарға (санитарлық-эпидемиологиялық - авт.) сай болуы қажет», - деді Н.Ермекбаев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында. Ал «Намазxанада дәрет алатын жер міндетті түрде болуы қажет пе?» деген сұраққа министр: «Міндетті түрде болуы керек», - деп жауап берді.

Айта кетейік, жақында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі ғибадат ету бөлмелері (намазхана) мен діни әдебиеттер сататын кітап дүкендеріне қойылатын талаптарды қайта қарап шығып, ғибадат ету үйлері мен діни әдебиеттер сатылатын үй-жайлардың орналасуына арналған нұсқаулықтың жаңа редакциясын әзірлегенін мәлімдеді. «Нұсқаулықтағы түбегейлі жаңалық ретінде осындай үй-жайлардың мемлекеттік ұйымдар мен мекемелерден 300 метрден кем емес қашықтықта орналасуына қойылған бұрынғы тыйым күшінің жойылғанын айта кету керек. Мұндай талап бүгінгі елді мекендердің орналасу ерекшеліктеріне жауап бере алмайды. Нұсқаулықтың жаңа редакциясында темір жол және автовокзалдарда, әуежайлар мен порттарда, яғни адамдар еріксіз түрде ұзақ уақыт болатын орындарда діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайларды ашуға қойылған тыйым алынып тасталды», - делінген xабарламада.

0 пікір
Мұрағат