Министр адам ағзасын қандай жағдайда елден шығаруға болатынын айтты
|
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов адам ағзасын Қазақстан аумағынан қандай жағдайда шығаруға болатынын айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бүгін сенаттың жалпы отырысында "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексінің жобасы талқыға салынды. Заң жобасын депутаттарға Елжан Біртанов таныстырды. Ол аталған құжат аясында адам ағзасын Қазақстан аумағынан қандай жағдайда шығаруға болатынын түсіндірді.
"Кодекс жобасында Қазақстан аумағынан адамның ағзалары мен тіндері тек қана Қазақстан Республикасының азаматтарына медициналық көмек көрсету үшін шығарылатын болады. Қайтыс болған адамның органдарын алуға келісім презумпцияға қатысты норма Қазақстан Республикасында 2009 жылдан бастап қолданысқа енген болатын. Ерікті түрде келісім беруді тіркеу немесе келісімді қайтарып алу медициналық ұйымдар көрсететін мемлекеттік қызмет болып саналады", - деді министр отырыста.