Міндетті медициналық сақтандыруға ай сайын қанша теңге аударамыз?
|
Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істейді. Бұдан ерте бастау керек еді. Неге кешіктірілді? Еліміздегі медициналық сақтандыруға қатысты осы және өзге сұрақтарға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Елжан Біртанов жауап берді.
«Емделушілерге медициналық көмек көрсету үшін медициналық мекемелерді жаңа талаптарға сай ету үшін уақыт керек. ДСӘДМ Медициналық қызметтерді төлеу комитеті ауруханалар мен емханалар арасында емделушілерге қызмет көрсету құқығы бойынша конкурс өткізу керек. Ал, Міндетті медициналық сақтандыру қоры жеткізушілерді іріктеп, келісімшарт жасайды.
Ел парламенті заң жобасына тиісті түзетулер енгізгеннен кейін ғана мерзімді ауыстыру туралы шешім күшіне енеді. Заң жобасы ҚР Парламент мәжілісінің қарауында тұр. Егер олар қолдаса, онда міндетті медициналық сақтандыруды енгізу мерзімі жарты жылға шегеріледі. Яғни, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап емес, алғашқы жарна 1 шілдеден бастап түседі, ал қор 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істейді», – деді вице-министр.
Елжан Біртанов заң жобасына енгізілетін өзгерістерде міндетті медициналық сақтандыру қорына берілетін аударым өсті ме, әлде, қысқарды ма деген сауалға да жауап берді. Сондай-ақ, түрлі санаттағы тұрғындар медициналық сақтандыруға жарнаны қалай төлейтіндігін де түсіндірді.
«Жоқ, төлем жүйесі қайта қарастырылмайды. 2018 жылдан бастап мөлшерлеме кезең-кезеңімен өседі. Әлеуметтік аз қамтылған азаматтар үшін мемлекеттік төлемдер 4%-дан басталады және жыл сайын бір пайызға ұлғаяды. 2021 жылға дейін 7% болады. Жұмыс берушілер де ММСҚ-ға 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап қызметкердің жалақысынан 2%, одан кейін кезең-кезеңімен 5%-ға дейін жарна төлейді.
Өзін-өзі жұмыспен қамтитын тұрғындар, мигранттар, шетелдік азаматтар және басқалар да медициналық сақтандыруға қатысады, өйткені, бұл жүйе – барлығымызға ортақ, міндетті. Минималды жалақының 2%-ын ғана жарна есебінде салу керек. Айына, шамамен, 400-500 теңгеден бастап немесе жылына 5 мың теңге болады», – деді ол.
Елімізде жарна салушылардың барлығына сақтандыру полистері беріледі. Барлық маманға бірдей қаралуға болады. Қажетті медициналық көмек алу мүмкіндігі ұлғайып, қарапайым халықтың ақылы медициналық қызметтерге төлейтін шығындары азаяды.
Жарна төлемеген жағдайда медициналық сақтандыруға сенуге болады.
«Иә, кепіл берілген тегін медициналық көмек қалады. Минималды кепілдендірілген көмек – жедел жәрдем мен әлеуметтік маңызды ауруларға: өкпе ауруы, психиатрия, онкология, наркология көмегі. Бұл – мемлекеттің азаматтарға көрсететін минималды жәрдемі. Мұндай көмек алуға медициналық сақтандырудың бары-жоғы әсер етпейді», – дейді вице-министр.