Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі тағы жарты жылға шегеріледі
Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі тағы жарты жылға шегеріледі
8 жыл бұрын 3088 Bnews.kz

Міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізу тағы жарты жылға шегеріледі. Осыған байланысты Үкіметтің бүгінгі отырысында арнайы заң жобасы қаралды. 

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында арнайы қорға жарналар келесі жылдың басында емес, орта шенінде төленеді. Ал аталған қордың есебінен медициналық қызметтер үшін ақы төлеу шаралары 2018 жылы басталады.

«Жұмыс берушілер мен өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтар міндетті жарналарды төлеуді келесі жылы шілденің 1-інде бастайды. Ал мемлекет әлеуметтік жағынан аз қамтылғандардың жарнасын 2018 жылы 1 қаңтардан бастап төлейді. Осыған байланысты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында қызмет көрсету және сол үшін арнайы қордан ақша төлеу жұмысы да сол кезде басталады», - дейді Т.Дүйсенова.

Қазіргі заңнамаға сәйкес, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясындағы жарна төлеуді алдағы жылы қаңтардың 1-інен бастап, ал жарты жылдан кейін жаңа тәртіп бойынша медициналық қызмет көрсету жоспарланған болатын. Енді Үкімет аталған бастаманы тағы жарты жылға шегеріп отыр. Министрдің сөзіне қарағанда, осы уақыттың ішінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының аймақтық филиалдары құрылып, оны толығымен жасақтау жұмысы аяқталады. Үкімет мүшелері аталған бастаманы бірауыздан мақұлдады.

1 пікір
Мұрағат