Мешітте қосымша зал ашылады (ФОТО)
Мешітте қосымша зал ашылады (ФОТО)
9 жыл бұрын 3377 mazhab.kz Қайрат Елтінов Екібастұз қалалық мешіті

Мұсылмандардың үлкен мейрамдары – Ораза және Құрбан айт күндері мешітімізде халық көп жиналады. Намазхандар жамағат болып намаз оқуға мешіттің ішіне симағандықтан, кіреберіске, дәлізге, тіпті сыртта тұруға мәжбүр болды. Кейінгі кезде бес уақыт намаз оқитындардың саны көбеюде. Енді тіпті жұма намазында да халық мешіттің ішіне сыймай жатыр. Далаға кілем төселіп, сол жерде тұрады. Ауа райы бұзылып, жаңбыр, қар жауған кезде Аллаға құлшылық жасауға ыңғайсыздықтар туындап қалады.

Осыған байланысты, мешітіміздің бас имамы Бауыржан Отарбаевтың атына намаз оқитын жерді кеңейту туралы ұсыныстар түсе бастады. Өйткені мешіттің жертөлесінде бос тұрған кең зал бар. Оған жөндеу жұмыстарын жүргізсе, әжептәуір намазға ыңғайлы орын кеңейіп қалар еді.

Бас имамымыз бұл ұсынысты жамағатқа жариялады және қала мұсылмандары бұны бірауыздан толығымен қолдады.

«Қазірде есепшот ашылып, оған ауқатты мұсылмандардан және қарапайым жамағаттан да қаражаттар жинала бастады. Жақын арада жөндеу жұмыстары да басталып кетті. Барлық жөндеу жұмыстарын намазхандар өздері тегін жасайды. Мешіттің өзінен қаражат шығарылмайды. Мешіттің астына кіріп-шығатын қосымша есіктер ашылады және барлық санитарлық және өртке қарсы қауіпсіздік нормалары сақталады. Мешіттің астында ер адамдарға ғұсыл және дәрет алатын орындар және намаз оқуға үлкен, 600 адам сиятындай зал жасалады. Әйел адамдарға мешіттің ішінен қосымша намаз оқуға орын және астыңғы қабаттан жеке бөлінген дәрет алуға орын салынады»,-дейді Екібастұз қалалық мешітінің бас имамы Б.Отарбаев.

Жөндеу жұмыстарын Оразаға дейін бітіру жоспарда бар. Ораза Айт намазын жамағат мешіттің негізгі үлкен және төменгі жаңа залдарында оқитын болады, Алла қаласа!

 

0 пікір
Мұрағат