«Мерейлі отбасы - 2016» байқауының жеңімпазы анықталды (фото)
|
Астанадағы «Қазақстан» концерт залында «Мерейлі отбасы - 2016» ұлттық байқауының жеңімпазы марапатталды. Биылға конкурсқа барлық облыстардан, сондай-ақ, Астана мен Алматы қалаларынан 16 отбасы қатысты. Олардың барлығы да - үлгі алуға тұрарлық, салт-дәстүрі берік әулеттер. Өз балаларынан бөлек патронаттық тәрбиеге алған балалары да баршылық. Дегенмен, байқаудың талаптары бойынша тек бір ғана отбасы жеңімпаз бола алады. Биыл осы мәртебеге Ақтөбе облысы бойынша жеңімпаз атанған Нұсқабаевтар әулеті ие болды.
Үйдің отағасы Абдулла Нұсқабаев - Ұлы Отан соғысының ардагері, «Қызыл жұлдыз» орденінің кавалері, Кеңес одағының маршалы Жуковтың медалімен марапатталған азамат. Ерлі-зайыпты Нұсқабаевтар отау құрған 72 жылдың ішінде 10 бала, 30 немере мен 22 шөберені тәрбиелеп отыр.
Салтанатты марапаттау рәсімі кезінде 91 жастағы қария еліміздің саяси өмірінен де хабардар екенін, соның ішінде «Мәңгілік ел» идеясының түп мағынасын жете түсініп отырғанын көрсетті.
«Мәңгі ел болайық!», - деп бастады өз сөзін Абдулла Нұсқабаев: «Енді, мынау биыл Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы...Бұл кірпік қаққан сәт қой...тарих бойынша. Ал осы 25 жылдың ішінде Қазақстанды дүниежүзіне танытқан Президентімізге тағы бір алғысымызды айтамыз. Мәңгілік ел болайық!», - деді отағасы.
Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен қыркүйек айының әрбір екінші жексенбісі «Отбасы күні» мерекесі болып жарияланды. Содан бері «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы қолға алынып, осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Бүгінгі жеңімпаздарды ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова құттықтап, дәстүр бойынша шағын автобустың кілтін табыстады. Ал "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры" атынан әр облыстың жеңімпазына еліміздің кез келген аймағынан құны 300 мың теңгелік тұрмыстық техниканы алуға мүмкіндік беретін сертификаттар табысталды.
Астана қаласынан - Қобылбаевтар отбасы, Алматы қаласынан - Жиенбаевтар, Ақмола облысынан - Әкімбаевтар, Ақтөбе облысынан - Нұсқабаевтар, Алматы облысынан - Ақанаевтар, Атырау облысынан - Қаршегеновтар, Шығыс Қазақстан облысынан - Түкібаевтар, Жамбыл облысынан - Бласовтар, Батыс Қазақстан облысынан - Биғалиевтар, Қарағанды облысынан - Раковтар, Қызылорда облысынан - Сыздықовтар, Қостанай облысынан - Солодовтар, Маңғыстау облысынан - Наурызмағанбетовтар, Павлодар облысынан - Ганеевтер, Солтүстік Қазақстан облысынан - Мәдиғаж әулеті, ал Оңтүстік Қазақстан облысынан Ошақбаевтар отбасы ақтық сынға жолдама алған болатын.
Мұрағат
Көп оқылғандар
■
Қырғыз имамдары жаппай темір тұлпарды тізгіндейтін болады
■
Әзірбайжан «Ислам сегіздігі» құрамына кірді
■
Етті тұтынудан моңғолдар әлемде екінші орыннан көрінді. Бірінші орында қай ел тұр?
■
Сиқырлыққа ең аз және ең көп сенетін елдер анықталды
■
Орта Азия елінде әкелерге декреттік (ақылы) демалыс берілуі мүмкін